Шымкент қаласында мәдениет саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының бастамалары халықтың рухани өмірін байытып қана қоймай, жаңа заманауи бағыттарға жол ашуда.


Әсіресе цифрландыру үдерісі – бұл саладағы тың серпілістің негізгі тірегі. Қазіргі таңда архив қорларын электронды форматқа көшіру, кітапханалар мен мәдени мекемелердің онлайн қызметін жетілдіру, тұрғындарға қолжетімді мәдени ақпараттық кеңістік құру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл – уақыт талабына сай қолға алынған игі іс.


 Сонымен қатар қала тұрғындары мен қонақтары асыға күтетін «Шымқала кештері» дәстүрлі түрде әр сенбі-жексенбі күндері ұйымдастырылып келеді. Бұл мәдени жоба – өнер сүйер қауым үшін ерекше мереке. Ашық аспан астында өтетін әуенді кештер халықтың бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік беріп, ұлттық өнер мен заманауи мәдениеттің тоғысына айналып отыр. Қала тұрғындарының көптеп жиналып, ән мен күйге, би мен өнерге сусындауы – жобаның қаншалықты маңызға ие екенін айғақтайды.


Көрермендердің ыстық ықыласы мен шынайы қошеметі де мәдени бастамалардың өміршеңдігін арттыра түсуде. «Шымқала кештері» тек концерттік бағдарлама ғана емес, қала тұрғындарының бірлігін нығайтып, рухани ортақтықты қалыптастыратын маңызды мәдени алаңға айналды.


 Осылайша, мәдениет саласындағы цифрландыру мен халықтық жобалардың ұштасуы – мегаполистің мәдени келбетін айшықтап, Шымкенттің шығармашылық орталық ретіндегі рөлін күшейтіп отыр.