Күз бен қыс мезгілінде тыныс жолы ауруларының көбеюі қалыпты құбылыс. Әсіресе, тұмау – жыл сайын қайталанып отыратын, қауіпті инфекциялық дерттердің бірі. Дәрігерлердің айтуынша, тұмау тек жеңіл жөтел мен қызбамен шектелмей, асқынған жағдайда өкпе қабынуына, жүрек-қан тамырларының сыр беруіне және созылмалы аурулардың өршуіне себеп болуы мүмкін.


Мамандардың басты ескертпесі – тұрғындардың вакцина алу арқылы өзін және жақындарын қорғауы. Тұмауға қарсы екпе – қауіпті аурудың алдын алудың ең тиімді жолы. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да халықты жыл сайын күз айларында екпе алуға кеңес береді. Әсіресе, балалар, жүкті әйелдер, қарт адамдар және созылмалы аурулары бар азаматтар үшін вакцина өте маңызды.


 Вакцина адам ағзасында иммундық қорғаныс қалыптастырады. Сол арқылы біз тұмаудан сақтанып қана қоймай, оның ауыр түрлерінен де қорғана аламыз. Әр азамат өзінің денсаулығына жауапкершілікпен қарап, уақытылы екпе алғаны жөн. Сонымен қатар жеке гигиенаны сақтау, көпшілік жиналатын жерлерде маска тағу және дұрыс тамақтану да маңызды.


Дәрігерлердің айтуынша, аурудың алдын алуда салауатты өмір салтын ұстанудың маңызы зор. Дұрыс тамақтану, дене белсенділігі, таза ауада серуендеу және иммунитетті нығайту – тұмауға қарсы табиғи қорғаныс болып саналады.


 Демек, тұмаудан қорғанудың ең тиімді жолы – вакцинация мен салауатты өмір салты. Дәрігерлер тұрғындарды жауапкершілік танытып, уақытылы екпе алуға шақырады. Өйткені әрбір адамның денсаулығы – тек өзінің ғана емес, қоғамның да ортақ байлығы.