Қазіргі қоғамда ерекше күтімді қажет ететін балалардың, оның ішінде аутистік спектрдегі балалардың әлеуметке бейімделуі – өзекті мәселелердің бірі. Олар да басқа балалар секілді өмірдің барлық саласына белсенді араласуға құқылы. Дегенмен, мамандардың айтуынша, мұндай балалардың қоғамдық ортаға бейімделуінде әлі де шешілмеген түйткілдер көп.


Аутист балалардың қоғамдық көліктерде, сауда орындарында, мәдени іс-шараларда өзін еркін сезінуі, өзгелермен қарым-қатынасы қалыпты дамуы үшін арнайы қолдау қажет. Бірақ өкінішке қарай, қазіргі таңда олардың әлеуметтік дағдыларын дамытуға бағытталған жұмыстар жеткілікті деңгейде емес. Бұл жағдай ата-аналарға да, педагогтарға да үлкен жауапкершілік жүктейді.


 Дефектолог мамандар мұндай балаларды қоғамнан оқшаулауға болмайтынын айтады. Керісінше, арнайы әдістемелер, түзету сабақтары, психологиялық қолдау арқылы әлеуметтік ортаға бейімдеу жұмыстары күшейтілуі тиіс. Баланың өзін-өзі ұстау әдебін қалыптастыруда ата-ана, мұғалім, қоғам бірлесе әрекет еткенде ғана нәтиже болады.


Бүгінде әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, ерекше балаларға қоғамдық қолдау көрсетудің тиімді жолдары көп. Арнайы инклюзивті бағдарламалар, бейімделген оқу орталықтары, әлеуметтік жобалар – олардың өмір сапасын жақсартып, болашаққа сеніммен қадам басуына ықпал етеді.


Сондықтан да қоғамның әр мүшесі ерекше балаларға түсіністікпен қарауы тиіс. Адамдардың жылы қабағы мен қолдауы – олардың толыққанды өмір сүруіне жасалған үлкен мүмкіндік.