Мегаполистегі «Көл» қоғамдық орнының аумағында заманауи музыкалы-лазерлі субұрқақ салтанатты түрде ашылды. Қарқынды дамудың символындай болған жаңа нысан қаланың көркін одан әрі аша түсті. Бұл – Шымкенттегі лазерлік, жарық және отты шоуды біріктірген алғашқы кешенді құрылым. Субұрқақтағы жарық, әуен мен отты көріністі үйлестіретін заманауи жүйе кешкі және түнгі мезгілде ерекше әсер қалдырады.
Инновациялық технологиялар орнатылған субұрқақ қалыпты ырғақтағы музыкалық композицияларды да, лазер сәулелі жарқын, динамикалық шоуларды да орындай алады. Техникалық элементтердің барлығы тапсырыспен шетелде әзірленген. Монтаждау барысында энергия үнемдейтін шешімдер мен заманауи автоматтандырылған басқару жүйелері қолданылды. Нәтижесінде субұрқақтың жұмысы оңтайланып, күтіп-ұстау шығындарын азайтуға мүмкіндік берді. Субұрқақтар маусымы ресми түрде аяқталғанымен, қала тұрғындары мен қонақтары бірегей қойылымды тамашалауы үшін нысан алдағы жылы күндері жұмыс істейді. Одан кейін қысқы сақтауға қойылып, келесі көктемде қайта ашылады.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың айтуынша, заманауи субұрқақтың ашылуы – техникалық жетістік қана емес, қаланың жайлы ортасы мен көрікті қоғамдық орындарды дамытудағы маңызды қадам. «Біздің мақсатымыз – Шымкенттегі әр ауданда заманауи серуендеу және демалыс орындарын құру. Мұндай нысандар қала тұрғындары жиналатын әсем орындарға айналып, шаһардың көркін аша түседі әрі мерекелік көңіл-күй қалыптастырады», – деп атап өтті әкім. Айта кету керек, «Көл» демалыс аймағындағы субұрқақтың ашылуы қаладағы демалыс инфрақұрылымын дамыту мен жайлы ортаның сапасын арттыруға бағытталған кешенді абаттандыру жұмыстарының кезекті кезеңі болып отыр. Әсемдік, технология және қолайлылықты үйлестірген жаңа кешен бүгіннің өзінде Шымкент тұрғындары мен қала қонақтарының зор қызығушылығын тудырды. Ал алдағы уақытта мегаполистің көрікті орындарының біріне айналары сөзсіз.