Қазығұрт ауданында әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның бір айғағы – Алтынтөбе ауылдық округінде бой көтерген жаңа медициналық бекет құрылысы. Жаңа медициналық пункттің салынуы ауыл тұрғындарының алғашқы медициналық көмекке жақын әрі қолжетімді болуын қамтамасыз етеді.


Медициналық бекетте дәрігерлер мен фельдшерлер жұмыс істеп, ауыл тұрғындарына шұғыл және жоспарлы медициналық қызмет көрсететін болады. Бұған дейін ескі ғимаратта ем алып келген ауыл тұрғындары жаңа нысанның құрылысына ризашылығын білдірді.


ӨМІРТАЙ КҮЛЕТОВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ

 – Біздің ескі медпункттің орнына заманға сай медпункт салынып жатыр. Ауыл тұрғындары қуанып жүр. Ескісінде жылу жоқ, түрлі қиындықтар болатын. Енді халық санына сай, әдемі заманауи нысан бой көтерді.


– Бұрын осы жерде кішігірім медпункт болған. Ескі болғандықтан жаңа нысан салынды. Емхана алыс болғандықтан, бұл жерге жүкті әйелдерге арналған егу бөлмесі және дәрігерлерге арналған қосымша бөлмелер салынды. Ауыл тұрғындары өте қуанышты. Соғып берген мердігер компанияға рақмет.


 Жаңа медициналық бекет ауысымына 10 адам қабылдауға арналған. 2025 жылдың қыркүйек айында құрылысы басталған нысанды қараша айында қолданысқа беру жоспарланып отыр. Ғимараттың жалпы ауданы – 200 шаршы метр. Жоба құны – шамамен 60 миллион теңге. Қазіргі уақытта ғимарат аумағында абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.


 НҰРХАН ТҰРЫМБЕТОВ, МЕРДІГЕР МЕКЕМЕ ӨКІЛІ

– Құрылыстың басталғанына бір ай болды. Толық қаражат игерілді. Бұл қаражат мердігер мекеменің инвестициясы есебінен салынды. 58 миллион теңге игерілді. Енді тек коммуникация қосылып, жарық пен су келіп тұр. Қазір жайғастыру жұмыстары қалды.


 Қазығұрт ауданында соңғы жылдары денсаулық сақтау, білім беру және спорт салаларында бірқатар нысандар бой көтеріп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруда. Алтынтөбе елді мекенінде салынып жатқан жаңа медициналық пункт – осы бағыттағы ілкімді істердің жалғасы.