Шымкентте мемлекеттік тілдің қадір-қасиетін дәріптеу мақсатында республикалық байқау өтті. Бұл жолы сайысқа отан алдындағы міндетін абыройлы атқарып жүрген әскери қызметшілер қатысты. Тағылымды шараны Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті ұйымдастырды. Байқауға қатысқан үміткерлердің арасында Жетісу өңірінен келген корей ұлтының өкілі – Анатолий Сон көптің ыстық ықыласына бөленді. Қазақ тілін бала күнінен бойына сіңіріп, туған тіліндей құрмет тұтып жүрген жастың тілі шұрайлы, сөзі көркем. Ал Анатолийдің байқауда көрсеткен өнері тыңдарман көңілін толқытпай қоймады.


 Байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен келген, тіл мәртебесін көтеруге елеулі үлес қосып жүрген 11 үміткер қатысты. Жас өрендер қазақ тілінде еркін сөйлеп, көркем сөз оқу, ой тереңдігін таныту арқылы шеберліктерін сынға салды. Қазақ тілінің қадір-қасиетін дәріптеп, қоғамдағы мәртебесін арттыруға бағытталған бұл шара ел ішіндегі рухани бірлікті нығайтып, жас ұрпақтың тілге деген сүйіспеншілігін арттырды.


Ал қатысушылардың өнері мен білімін бағалаған қазылар алқасы мемлекеттік тілдің ұлт бірлігінің өзегі, ел тәуелсіздігінің басты нышаны екенін айрықша атап өтті. Әр үміткердің сөйлеу мәдениеті мен тілге деген құрметі, сөз өнеріне деген талпынысы көрермен көңілінен шықты.


Шара соңында үздік өнер көрсеткен қатысушыларға алғыс хаттар мен қаржылай сыйлықтар табысталды. Еліміздің көпұлтты қауымын бір мақсатқа, ортақ рухани құндылыққа ұйыстырған шара алдағы уақытта да жалғасын табады.