Еліміздегі кәсіпкерлікті дамыту мен бизнесті қолдаудың басты тетіктерінің бірі – «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы. Бұл ұйымның негізгі мақсаты – кәсіпкерлердің мүддесін қорғау, бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасау және отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру.


 «Атамекен» палатасы кәсіпкерлерге тек кеңес берумен шектелмейді, оларды толық сүйемелдеу жүйесін жолға қойған. Яғни, кәсіп бастауға ниетті азаматтан бастап, ірі компания басшыларына дейін кәсіби көмек алады. Палата қызметкерлері бизнес-жоспар құрудан бастап, салық, заң, лицензиялау, жер қатынастары, мемлекеттік сатып алу, экспорт және цифрландыру мәселелеріне дейін жан-жақты қолдау көрсетеді.


 Сонымен қатар, кәсіпкерлер палатасы мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері арасындағы алтын көпір рөлін атқарады. Кәсіпкерлердің өтініштері мен шағымдары назардан тыс қалмайды, қажет жағдайда құқықтық көмек те беріледі.


Бүгінде көптеген азаматтарды бизнесті тіркеу, қаржыландыру көздеріне қол жеткізу, салықтық жүктемені азайту және тексеру рәсімдерінің жиілігі сияқты мәселелер толғандырады. Осы бағытта «Атамекен» кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі нақты шараларды жүзеге асырып, шағын және орта бизнестің дамуына ерекше серпін беріп отыр.


«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы – ел экономикасының қозғаушы күші саналатын кәсіпкерлерге бағыт-бағдар беріп, олардың табысты жұмыс істеуіне жол ашатын сенімді серіктес.