Қазіргі қоғамда әрбір азаматтың өз құқығын білуі мен оны қорғай алуы – өркениетті елдің басты белгісі. Осы бағытта маңызды рөл атқаратын құрылымдардың бірі – Заң консультанттары палатасы. Орталық жеке және заңды тұлғаларға құқықтық көмек көрсету, кеңес беру, сондай-ақ құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында жұмыс істейтін кәсіби ұйым. Бұл палатаға заң саласында білімі мен тәжірибесі бар мамандар бірігеді. Олар адвокаттық қызметпен айналыспайтын, бірақ азаматтарға заң шеңберінде көмектесуге құқылы консультанттар болып табылады.
Палатаның негізгі міндеттері: азаматтарға және кәсіпкерлерге құқықтық кеңес беру; дауларды сотқа дейінгі деңгейде медиация немесе келісім жолымен шешуге жәрдемдесу; құжаттарды рәсімдеуге, өтініш пен талап арыз дайындауға көмек көрсету; халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
Бүгінде көптеген азаматтарды толғандыратын мәселелер – тұрғын үй, еңбек қатынастары, әлеуметтік төлемдер, жер дауы, кәсіпкерлік пен келісімшарттар саласындағы құқықтық түсінбеушіліктер. Осындай жағдайда заң консультанттары халыққа қолжетімді бағада және жедел түрде көмек беріп, заңды шешім ұсынуда.
Заң консультанттары палатасының қызметі – құқықтық мемлекетті қалыптастырудағы маңызды буын. Себебі, ол тек кеңес беріп қана қоймай, қоғамда әділдік пен заң үстемдігін нығайтуға үлес қосады. Заң консультанттары палатасы – азаматтардың құқығын қорғауға, заңды дұрыс қолдануға және құқықтық мәдениетті көтеруге бағытталған заманауи әрі халыққа жақын құрылым.