Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті CAREC институтының халықаралық гранттық байқауында жеңімпаз атанды. Бұл жетістік – қазақстандық жоғары білім беру саласының ғылыми әлеуеті мен инновациялық бағытының нақты айғағы.
CAREC институтының гранты жасанды интеллектті, инклюзивті және цифрлық білім беруді дамытуға бағытталған жобаларды қолдауды көздейді. Университет ұсынған жоба білім беру үдерісіне заманауи технологияларды енгізу арқылы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың сапалы білім алуына мүмкіндік беруді мақсат етеді.
Бұл бастама арқылы университет педагогикалық білім беру жүйесін жаңа деңгейге көтеріп, аймақтық және халықаралық серіктестікті нығайтпақ. Сонымен қатар, жоба жасанды интеллектті қолдана отырып, мұғалімдердің кәсіби дамуын жетілдіруге және білім беру үдерісін дербестендіруге мүмкіндік береді.
CAREC институтының қолдауы – Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің ғылыми-зерттеу бағытындағы беделін арттырып қана қоймай, Қазақстандағы инклюзивті және цифрлық білім беру саласына тың серпін береді.
Бұл жеңіс – еліміздің білім саласындағы инновациялық даму бағытының айқын дәлелі және жасанды интеллект арқылы болашаққа қадам басудың жарқын үлгісі.