Шымкентте «Тарих пен сөз үндестігі» атты жылжымалы көрменің ашылуы өтті. Алматы облысының музейлер бірлестігі Хәкім Абай музейіне ХІХ–ХХ ғасырларда өмір сүрген заманының заңғарлары Сүйінбай Аронұлы, Үмбетәлі Кәрібаев, Дінмұхамед Қонаев және Мұқағали Мақатаевтың өмірде қолданған жеке заттары мен қолжазбаларын көпшілік назарына ұсынды.


Іс-шараның мақсаты – қазақ халқының жазба мұрасын насихаттау, көпшілікке көне жәдігерлерді таныстырып, жазба мұралар арқылы ұрпақты елдік пен бірлікке тәрбиелеу. Тұлғалық көрме экспозициясына ақын тұлғалардың өзі тұтынған жеке заттары, қолжазбалары, аудармалары, киген киімдері, аяқ киімі, қолсөмкесі, домбырасы және өзге де тарихи экспонаттар қойылған.


ТАЛҒАТ КЕЛІМБЕТОВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ МУЗЕЙЛЕР БІРЛЕСТІГІНІҢ ДИРЕКТОРЫ

С. Аронұлының 210 жылдығы. Ол кісіден жәдігерлер көп сақталмаған, өйткені ХІХ ғасырдың аяғында өмір сүрген. Сол аздаған жәдігерлерін алып келдік. М. Мақатаевтың 1969 жылы арнайы Шымкентте дайындалған былғары папкасының түпнұсқасын, алтын қаламын және өзі тікелей пайдаланған басқа да заттарын алып келіп отырмыз. Д. Қонаевтың да бұйымдары мен қолданған жәдігерлерін, сондай-ақ Ү. Кәрібаев — жыр алыбы Жамбылдың шәкірті әрі керемет халық ақыны. Соның пайдаланған құнды заттарын да алып келіп отырмыз.


Абай музейінде ұйымдастырылған «Тарих пен сөз үндестігі» тақырыбындағы көшпелі көрмеге зиялы қауым өкілдері, мәдениет қызметкерлері және қала тұрғындары қатысты. Алматы облысы музейлер бірлестігі тұлғалық көрме экспозициясын бұған дейін Қызылорда, Қостанай қалаларында, сондай-ақ Қытай, Қырғызстан және Түркия мемлекеттерінде ұйымдастырған.


МӨЛДІР ОҢДАСЫНОВА, МӘДЕНИЕТ, ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ АРХИВТЕР БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

Шымкент қаласында Сүйінбай Аронұлының, М. Мақатаевтың музейлері жоқ қой. Осы көшпелі көрме арқылы оңтүстік өңірге насихаттауды қолға алған екен. Біз осы екі музей арасындағы меморандумға сәйкес бүгінгі көрмені халыққа ұсынып отырмыз.


Айта кетейік, тұлғалық көрме экспозициясы бір апта бойы қала тұрғындарына таныстырылатын болады. Одан соң Алматы облысының музейлер бірлестігі жәдігерлерді Түркістан облыстық өлкетану музейінде көпшілік назарына ұсынбақ.