Университет мұғалімі студентімен бірге ойын автоматына барып, 900 млн теңге ұтылған. Тапқан ақшасын казиноға жұмсаған оқытушы өзінде жоқ қаржыны шәкірттерінен алыпты. Құмарын құрықтай алмаған азамат көрінгенге қол жайып, дос-жаран, туған-туысқа түгел қарыз болған. Тығырыққа тірелген ол өзіне қол жұмсамақ та болған.
Аты-жөнін жарияламауды өтінген азамат – кәнігі лудоман. Бәс тігумен 23 жыл айналысыпты. Айтуынша, ойын ойнауға үгіттеп, арнайы автоматқа алып барған – университеттегі өз шәкірті. Бастапқыда азын-аулақ ақша ұтып, бірі екі болғандай көрінген. Бірақ одан кейін қанша ұтылса да құмарлық шеңгелінен босай алмапты.
(түрі жасырылған, аты-жөні көрсетілмейді)
– «Бастапқыда қызығушылық болды. Эйфория. Үлкен ұтыс болды. “О-о-о, мұндай ақша болса, жұмыс істеп қайтемін?” – дедім.» «Өз-өзімді өлтіруге дейін бардым.»
Тапқан-таянғанын ойынға салып, қалтасының түбі көрінгенде кейіпкеріміз туған-туыс, дос-жараннан ақша алудың түрлі амалын жасаған. Өтірікті де, айланы да қосып, қалайда қаржы табуды көздеген. Мұндайда ол: «Анамның еміне ақша қажет», «Туысым хәл үстінде» – деп шімірікпей жалған сөйлейтін. Әйелінің алтындарын ломбардқа өткізіп, үйдегі бағалы заттарды да сатып жіберген. Кесірінен шаңырағы шайқалып, туған-туыс теріс айналған. Келіншегімен де ажырасып кеткен.
– «Соңында мақсатым ойын ойнау емес, біреуден қалайда ақша алып, ойынға барып салу болып кетті.»
Байимын деп барын казиноға тасыған мұғалім білім ордасын сауда алаңына айналдырыпты. Сөзінше, студенттерді сенделтіп, қит етсе ақша сұраған. Үлгерімі нашар студенттің сессиясын жауып, құлықсыз шәкіртке диплом жазып берген.
– «Сессия жауып берем, диплом жазып берем.»
Өмірінің астаң-кестеңі шыққан кейіпкеріміз бір сәт өзінің лудоман екенін мойындап, ем қабылдауға бекінген. Мұнысын құптаған туыстары емші-тәуіп, молда жағалапты. Бастапқыда онысы нәтижелі болғандай көрінген, алайда араға жыл салып, іштегі аждаһа қайта ояныпты. Анасы жедел шара қолданып, ұлын Шымкенттегі «Көмек-қолдау» орталығына алып келген. Міне, содан бері де екі жыл өткен. Айтуынша, қазір ол тәуелділіктен құлан-таза айығып, осында қалуға шешім қабылдаған. Енді ол өзімен тағдырлас өзге де азаматтарға қолдау көрсетіп, күрес тәжірибесімен бөлісіп жүр.
НҰРИСЛАМ ӘЛІПБАЙҰЛЫ, ОРТАЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ
– «Консультант дейміз ғой. Іштегі қызметкерлер өзіміздің орталықтан емделіп шыққан азаматтар.»«Бізге келіп түскен науқастардың бастан өткергендерін мұндағы мамандар да бастан өткерген. Сол себепті тәжірибелерімен бөліседі.»
2022 жылдан бері орталық 300-ге жуық науқасты қабылдап үлгерген. Мұнда лудомандар ғана емес, маскүнемдер мен нашақорлар да бар. Ерікті консультанттардан бөлек, кәсіби психологтар мен арнайы мамандар да жұмыс істейді. Директордың айтуынша, науқастардың 95 пайызы бастапқыда мүшкіл хәлін мойындамайды. Сондықтан көбіне оларды мұнда туыстары мен достары күштеп әкеледі. Тәжірибелі маманның айтуынша, құмарлықтан құтылу науқастың ішкі күшіне, ерік-жігеріне байланысты. Құлқынына құл болғандарды түгел емдеп-жазу мүмкін емес. Он адамның алтауы немесе жетеуі ғана емдеу шараларын толық сіңіріп, құлан-таза айыға алады.
НҰРИСЛАМ ӘЛІПБАЙҰЛЫ, ОРТАЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ
– «100 пайыздық нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. Ол жерде 50–60 пайыз ғана.» «Ішіп кетеді, не есірткі қолдануға қайта оралады.» «Орталықтан шыққанда ата-ана мен емделушіге нұсқаулық беріледі. Егер соны бұлжытпай орындаса, 100 пайыздық нәтижеге қол жеткізуге болады.»
Маманның айтуынша, ем-шаралар науқастың өзіне ғана емес, туған-туыс пен ата-анасына да қоса жүргізіледі. Олар емделушіге орталықтан тыс уақытта да қолдау көрсетіп, психологиялық көмек бере алуы керек. Нұрислам Әліпбайұлының сөзінше, орталықтағы емдеу процедурасы 1 айдан 5 айға дейін жалғасады. Ал науқас өз үйіне оралғанда мамандар оны сырттай бақылап, 3 ай бойы қадағалайды.