«Бір тал кессең, он тал ек» - осы ұранды негізге алған түркістандықтар 1500 түп көшет отырғызды. Шараға қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы бастаған зиялы қауым өкілдері, белсенді жастар, белгілі спортшылар мен шаһар тұрғындары қатысты.


 Егілген өсімдіктің барлығы - жергілікті көшет алқабында өсірілген, жергілікті климатқа бейім ағаштар. Қала билігі күзгі маусымда шаһар аумағын осындай 124 мың тал-дарақпен көгалдандыруды көздеп отыр. Ортақ іске өңір жұрты түгел жұмылып, игі дәстүрді жалғады.


ӘЗІМБЕК ПАЗЫЛБЕКҰЛЫ, ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ

– «Түркістан қаласында 1 млн-нан аса ағаш бар.» «Қазіргі таңда саябақтарда, аллеялар мен скверлерде, басты көшелерде сол 124 мың көшетті отырғызу жұмыстары басталды.» 


 Игі іске жастар жағы да белсене араласты. Соның бірі – еркін күрестен жастар арасындағы әлем чемпионы Шұғыла Өмірбек. Дендросаябақта жаттығу жасап, осы арада тәнін шынықтыратын ару бүгін туған жерге көшет отырғызды. «Қоршаған ортаға жанашырлық – жалпыға ортақ міндет», – дейді спортшы.


ШҰҒЫЛА ӨМІРБЕК, СПОРТШЫ

– «Осы жерде біз үнемі жаттығу жасап жүретінбіз. Бұған дейін де осында көшет отырғызып, ағаш еккенбіз. Бұдан кейін де игі істі жалғастырамыз.» 


 Ағаш егуге еңкейген қарттан еңбектеген балаға дейін атсалысты. Зейнеткер, Түркістан қаласының құрметті азаматы Дана Орманованың айтуынша, жасыл желектің көбеюі қала көркін еселей түседі.


ДАНА ОРМАНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ

– Халықтың көңіл күйі көтеріңкі. Қала көркін еселеу үшін 80 жастағы қарттар да өз үлесін қосуға ынта танытып жүр. Бұл, меніңше, өте керемет үрдіс.


Айта кетейік, күзгі маусымда қала аумағында 124 250 түп ағаш отырғызылып, жалпы жасыл желек саны 1 миллион 460 мыңнан асты. Ал жыл басынан бері «Таза Қазақстан» акциясы аясында 30 сенбілік ұйымдастырылған болатын.