Шымкенттегі жолаушыларға қызмет көрсететін «Грин бас» компаниясы үздік жүргізушілерін марапаттады. Диспетчерлік орталық мамандары бұл орайда қала жолаушыларына көрсетілген қызметті автобустарға арнайы орнатылған қондырғылардың көмегімен бақылаған.
Компанияның 200-ден астам автобусы экологиялық тұрғыда тиімді саналатын, сығымдалған газбен жүреді. Қала тұрғындары діттеген жеріне демікпей жетуі үшін мекемеде 600 маман жұмыс істейді. Бір жылда бірде-бір тәртіп бұзбай, жолаушылар қауіпсіздігі үшін қызмет еткен 30 жүргізуші адал жұмыстың жемісін көрді.
Нұркен Омарбеков-тәжірибелі жүргізуші. Жұмысқа деген ынтасы мен жауапкершілігінің арқасында осындай мәртебеге ие болды. Темір тұлпарының техникалық мүмкіндіктерін күнде тексеретін 40 жастағы көлік жүргізушісі жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында автобуста барлық жағдай қарастырылғанын айтады.
Қала әкімдігі алдағы уақытта экологиялық тиімді қоғамдық көлiктер санын көбейту үшін «ЕВРО-2» стандартына сай келетiн муниципалды автопарк ашуды жоспарлап отыр.
Саттар ЕСІМБЕКОВ