Қазақстан жетістіктерін паш ететін Тәуелсіздік саябағы... бұл күні ерекше жасанды. Ел рухын асқақтататын әндер орындалып, ырғақты би биленді. Өнерпаздардың тамаша тартуы Елбасы мақаласын қолдауға, Астананың 20 жылдық мерейтойын насихаттауға бағытталды. Шара аясында би топтары үшін  дәріс ұйымдастырылды. «Үздік» деп танылған 22 би тобы  өнер көрсетті. Аталған ұжымдармен ҚР Еңбек сіңірген әртісі Ізім Тойған және  «Турксой» Халықаралық ұйымының режиссері Арман Нұрмахаматұлы арнайы жұмыс жүргізді.

Биылғы жылы үшінші рет ұйымдастырылып отырған фестивальдің ерекшелігі – байқау түрінде емес, өз өнерлерін гала-концертте көрсетіп, қала халқына мәдени кеш сыйлау еді. Көзі қарақты көрермен би өнерінің құдыретіне таң қалып, алғыстарын жаудырды.

Игі шараға қатысушылардың ішінде «Шалқыма» би тобы да бар. 2014 жылы құрылған топ қазіргі таңда облысымызда кеңінен танылып, өнерлерін көрсетіп жүр.

Қазақ биі арқасында шекара асып, шетел көрген майталман мамандар көп ішінен ерекше көзге түскендерді марапаттап, сыйлықтар табыс етті. Шығармашалықтағы жетістіктері үшін шаттанған ұжымдар қазақ мәдениетін одан әрі дәріптемек ниетте.

НҰРАЙЫМ Шахимерген