Күлдіремін деп бүлдіріп, артық етемін деп тыртық қалдырып жатқандар бар. Киелі сахнаның киесін елемей құндылығын жұтаңдатып, оны арзан әзіл, ерсі көрініс алаңына айналдырып алмадық па? Осылай деген аға буын әлеуметтік желіде кең тараған оғаш бейне жазбаларға қатысты пікір білдірді.
Тілді шұбарлап, ашық-шашық киім киіп, оғаш әрекет жасау – киелі сахнаның құнын түсіреді. Көрермен тартамын деп ұлы өнерді арзан әзілге, болымсыз әрекетке айырбастамаған жөн. Қазақстанның халық әртісі Алмахан Кенжебекованың пікірі осындай. Сөзінше шетел тәлімін алып, классикалық шығармаларды бұрмалайтын режиссерлар да бар.
АЛМАХАН КЕНЖЕБЕКОВА, Б.РИМОВА АТЫНДАҒЫ ТАЛДЫҚОРҒАН ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ ӘРТІСІ
– «Олар өздері ойлайды жаңалық енгіздік деп. Ал біз ол жаңалық емес ұлттың тілін, ұлттың рухын бұзу деп есептейміз. Бұл мәселе жөнінде біз тұтас театр әлемі бас қосып әңгіме құруымыз керек. Бағытты бұзбайтындай, ұлттың тілі мен дәстүрін сақтайтын. Егер театрда ұлттың дәстүрі мен тілі сақталмаса, басқа кім сақтайды?»
50 жылдық тарихы бар Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театры биыл ел аумағын түгел аралап, гастролдік сапар жасайды. Мерейтой аясында өнер ұжымы шымкенттіктерге «Қос мұңлық», «Жалқаудың жыры», «Кездесу мен қоштасу» атты үш қойлым ұсынады. Іс-сапар аясында жергілікті ұжыммен тәжірибе алмасып, шеберлік сағатын өткізеді.
САҒЫНДЫҚ ЖҰМАДІЛ, Б.РИМОВА АТЫНДАҒЫ ТАЛДЫҚОРҒАН ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ
– «Сол жердегі жастар мен біздің аға буын актерлар арасында шеберлік сағаты өтеді. Спектакльдер арасындағы уақытты текке жіберіп алмау үшін біздер сондай жоспар құрып отырмыз.»
Айта кетейік аталған таетр ұжымы 27 және 30 сәуір аралығында Жұмат Шанин, Қалалық опера және балет театрларларының сахнасында өнер көрсетеді.