Қайтарылған активтер есебінен Ордабасы ауданы, Темірлан ауылында музыкалық өнер мектебінің құрылысы басталды. 300 оқушыға арналған жаңа мектеп көршілес ауылдардың оқушыларын да қабылдайтын болады. Жоба құны 890 млн теңгені құрауда.
Темірландағы өнер мектебі 1974 жылы салынған. Қазіргі таңда апатты жағдайда. Қайтарылған активтер есебінен жаңа музыка мектебінің құрылысы басталып, капсуласы салынды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет арнайы мемлекеттік қордан білім беру, денсаулық сақтау, спорт және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту салаларында 280 әлеуметтік нысанның құрылысын қаржыландыру үшін қаражат бөлген. Аталған жобалар елді мекендерді дамытуға бағытталған кешенді тәсілдің бір бөлігі. Сондай-ақ өмір сүру үшін қолайлы жағдайларға тікелей әсер ететін маңызды инфрақұрылымды ілгерілетуге серпін беруге арналған.
Бүгінде мемлекет пайдасына жалпы сомасы шамамен 610 млрд теңге көлемінде активтер қайтарылған. Оның ішінде 506 млрд теңге – ақшалай қаражат, 103 млрд теңге – мүліктей. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады, деді ҚР Бас прокуратурасының активтерді қайтару комитетінің төрағасы Нұрдәулет Сүйіндіков.