Түлкібас ауданында елімізде баламасы жоқ өндіріс ошағының құрылысы басталды. Құны 180 млрд теңгені құрайтын «Састөбе» инновациялық кешені» ЖШС-нің ірі зауытында каустикалық сода, поливинилхлорид, цемент, әк және кальций карбиді өндіріледі. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров зауыттың құрылыс алаңында болып, инвестормен кездесті. Бастамаға сәттілік тіледі.


Елімізде теңдесі жоқ зауыт 400 мың тонна әк, 200 мың тонна кальций карбидін, 100 мың тонна каустикалық сода, 120 мың тонна поливинилхлорид (ПВХ) және 1 млн тонна цемент өндіруге қауқарлы. Құрылыс жұмыстары 1 жылда аяқталады деген жоспар бар. Инфрақұрылым жүйелерін жүргізуге мемлекеттен қаржы қарастырылған. Жалпы жоба «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі» ұлттық бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отыр.


ПВХ және кальций карбиді 100% шетелден импортталады. Аталған зауыт іске қосылған жағдайда, бұл өнімдер өзімізде өндірілмек. Экологиялық таза әрі заманауи өндірістік технологиялармен шығарылады. Құрылтайшылар экспорт көлемін ұлғайтуды да жоспарлап отырғанын жеткізді.


 Жоба сәтті жүзеге асса құрылыс, химия, металлургия секілді өнеркәсіптің көптеген салаларына серпін бермек. Сондай-ақ мыңға жуық адам жұмыспен қамтылып, әлеуметтік жағдайға да оң септігін тигізбек.