Діни алауыздыққа жол жоқ. Зайырлы мемлекет азаматтары наным-сенім, ар бостандығына ие. «Мына дінге илан, мына дәстүрді ұстан» деп, ешкім-ешкімді күштей алмайды. Әр азамат өз бетінше таңдау жасап, түсінік қалыптастыруға құқылы. Бірақ бәрі заң аясында болуы тиіс. Осы және өзге де мәселелерді қозғаған діни бірлестік өкілдері кезекті жиында бас қосты. Толеранттылықты ту еткен олар күн тәртібінде татулықты сақтаудың мызғымас жолдарын сөз етті.
БАҚТИЯР ӨНЕРБАЕВ, ДІН ІСТЕРІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
– «Барлығымыздың негізгі мақсатымыз: ауызбіршілік, ынтымақ. Өскелең өренді де осы бағытта тәрбиелеуіміз керек. Ортаға іріткі салып, жан-жаққа тартуға болмайды.»
Толеранттылық, яғни наным-сенім еркіндігі ислам дінінде де бар. Мұсылмандар басқа дін өкілдеріне агрессивті мінез, теріс көзқарас танытпайды.
МҰСАБЕК АҚТАМБЕРДІ, НАЙБ-ИМАМ
– «Біреудің наным-сенім бостандығына қол салуға асыл дініміз қарсы». – «Олардың құлшылық ғибадаттарына, діни сенім көзқарастарына түсіністікпен қарап, бейбітшілікті сақтаймыз. Асыл дініміз соған шақырады.»
Православ бірлестігінің өкілі де ең бастысы – бірлік, дейді. Сөзінше, татулықты нығайтып, ынтымақты арттықу үшін өзара түсіністік, құрмет қажет.
АЛЕКСАНДР МОГИЛЕВСКИЙ, ШІРКЕУ ҚЫЗМЕТКЕРІ
Ең бастысы біздің қоғамда бұл бар. Иә, дініміз, наным-сенім, құдайға құлшылық жасау тәсілдеріміз басқа, бірақ біз өмір сүретін Отан ортақ. Демек, біз бір ту астында ортақ мүдде жолында бірігіп, ынтымақта өмір сүруіміз қажет. Ол үшін әрине менің таңдауыма сіз, сіздің таңдауға мен құрмет танытуым керек.
Жиында мамандар арнайы баяндама жасап, ортақ мүдде аясында пікір алмасты.