Тұрғындар тегін құқықтық кеңес алды. «Халық заңгері» акциясына 130-ға жуық қала тұрғыны қатысып, өздерін толғандырған сауалдарға жауап алды. Оларға жергілікті атқарушы, аумақтық және құқық қорғау органдарының басшылары, прокурорлар, тергеушілер, сот орындаушылар, адвокаттар, нотариустар және басқа да заңды тұлғалар көмек көрсетті.
Ырысқы Абдирова баласының белгілі бір себептерге байланысты диплом ала-алмағанын, қайта алуға ниетті екенін айтады. Жағдайын тиісті мамандарға жеткізіп, жан-жақты кеңес алған тұрғын: «түйінім тарқатылып, мәселем шешілгендей болды», - дейді.
ЫРЫСҚЫ АБДИРОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
– «Дипломын қайтадан ала алмай жүрмін. 6 жыл болды. Бүгін соған сәйкес толық кеңес алдым.» – «Ректоры келсін деп жатыр. Мәселені зерделеуге ниетті.»
Тұрғындар көбіне-көп жер, тұрғын үй кезегі, инфрақұрылым, интернет алаяқтық және еңбек заңнамасына қатысты мәселелерді көтеріп, құқықтық кеңес алды. Сала мамандары қаз-қатар тізіліп, тұрғындар жолдаған сауалдарға жауап берді. Солардың қатарында жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының қызметкерлері де бар. Биыл олар 50 мың азаматты жұмыспен қамтымақ. Әзірге жоспар 22 пайызға орындалыпты. 12 мыңға жуық тұрғын екі қолға бір күрек тапқан.
ГҮЛЖАЗИРА ІЛЕСҚЫЗЫ, ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУЕМТТІК ҚОРҒАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ
– «Мамандығы бойынша қолында дипломы немесе сертификаты болмаса, қандай мамандықтарға сұраныс бар сол мамандықтарға үйретуге мүмкіндік бар.»
Тұрғындар мамандарға өзін толғандырған түрлі сұрақтарды жолдап, тұшымды жауап алды. Айта кетейік, ай сайын тұрақты түрде өткізілетін «Халық заңгері» тұрғындарға қажетті кеңестерді тегін береді.