Шымкентте “Әлеуметтік әмиян” жобасы пилоттық режимде іске қосылды. Бастаманы алғаш болып Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясы қолға алды. Жаңа жүйе ата-аналарға мектептегі ас мәзірін көріп отыруға мүмкіндік береді. ALAQAN MEKTEP платформасының мүмкіндіктерімен тілшілер танысып қайтты.


Alaqan mektep жобасы еліміздің 400-ден аса мектебіне орнатылған. Басты ерекшелігі — бала алақанын қойып, асханада тамақтанғанын тіркейді. Осылайша ата-аналар жүйе арқылы ұл-қыздарының тамақтану тәртібін, ас мәзірін қадағалай алады. Алақанды сканерлеу жүйесі мектептің кіре берісінде, кітапханада және асханада орнатылған. Құрылғылар интернетсіз-ақ жұмыс істейді.


 Бұндай жобаның енгізілуіне ата-аналар ерекше қуанышты. Олар мектептегі тамақтану процесін бақылау бала денсаулығына оң ықпал ететінін айтып отыр. Ас мәзірі мен қызмет сапасы туралы нақты ақпарат алу арқылы оқушылардың қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік мол дейді.


 Мектеп басшылығының айтуынша жаңа цифрлық жүйе жұмысты айтарлықтай жеңілдеткен. Оқушылардың тамақтану есебі автоматты түрде тіркеледі, қаржы қозғалысы толық бақыланады. Бұл мектеп ұжымына ғана емес, ата-аналарға да үлкен көмек.


Алдағы уақытта “Әлеуметтік әмиян” жүйесі Шымкент қаласындағы басқа да мектептерге кезең-кезеңімен енгізілмек. Қазіргі таңда аталған білім ошағында 5-11 сынып аралығындағы 261, қала әкімінің қаулысы негізінде бастауыш сыныпта оқитын 961 оқушы ыстық тамақпен қамтылған.