Ерекше жандарға көрсетілетін қолдауды жетілдіру мақсатында Түркістан облысында бірнеше тиісті шаралар қабылданбақ. Оңалту құралдарымен қамтамасыз ету, қолжетімді ортаны қалыптастыру бағытындағы жұмыстарға басымдық беріледі. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалағымен өткен мәжілісте айтылды. Өңір аумағында ерекше күтімді қажет ететін қанша азамат бар? Оларға қандай жағдай жасалған? Тілші тарқатады.


 Түркістан облысында 100 мыңға жуық мүгедектігі бар азамат есепте тұрады. Оның 85%-ы ересектер. Өткен жылмен салыстырғанда өңірде бұл санаттағылар саны 1 652 адамға көбейген. Енді олар «Әлеуметтік қызметтер порталы» арқылы санаторлық-курорттық емдеу шаралары мен міндетті гигиеналық тауарларды алу үшін өтінім жібере алады. Биыл іске қосылған жобаға жыл басынан бері 50 мыңға жуық азамат ұсыным жолдаған. Олбыс әкімі жауаптыларға нақты тапсырма жүктеп, жұмыстарды жандандыру қажетін айтты.


 Ерекше жандарды әлеуметтік қорғау, оңалту басты назарда. Бұл бағытқа 14,6 млрд. теңге қаралған. Өткен жылдың қорытындысына сәйкес бағдарлама толық іске асып, 65 мыңнан астам өтінім қанағаттандырылған. Сондай-ақ азаматтарды міндетті гигиеналық құралдармен қамту үшін қосымша қаржы бөлінген. Мәжілісте мүгедектікті белгілеу ісіндегі мәселелер талқыланды. Бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелеу үшін арнайы талдау жұмыстары жүргізілетін болды.


 «2025-2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасына» сәйкес, биыл 6 мың ерекше жанды жұмысқа орналастыру көзделген. Бүгінде оның 1 мыңнан астамы тұрақты жұмыспен қамтылған.