Шымкентте сыбайлас жемқорлықтың 33 жайты тіркелді. Антикор мамандары арнайы талдау жұмыстарын жүргізу кезінде мемлекеттік сатып алу, туризм және жылумен қамтамасыз ету салаларынан шикілік анықтаған.
Мемлекеттік сатып алу басқармасы соңғы бес жылда 828 млрд теңгеге 3,7 мың сатып алуды жүзеге асырған. Бұл ретте, уәкілетті органның тексеруімен 2021-2023 жылдары 152 млрд теңгеге рәсімдік бұзушылық жасалған.
ЖАНДОС БЕКАСАНОВ, ҚР СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ АГЕНТТІГІНІҢ ШҚ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІ ПРЕВЕНЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Оның ішінде бұзушылықтар 62,4 млрд теңгеге сатып алу қорытындысына әсер еткен. Сондай-ақ, талдау барысында өткен жылдың өзінде Мемлекеттік сатып алу басқармасының 11 мемлекеттік қызметшісі ӘҚБтК-нің 207-бабы бойынша мемлекеттік аудит органымен 70 рет жауапкершілікке тартылғаны анықталды. Салынған айыппұл сомасы 23,2 млн теңгені құраса, оның тең жартысын екі лауазымды тұлға төлеген. Осылайша, Мемлекеттік сатып алу басқармасының бөлім басшыларына 10,5 млн теңгеге 32 хаттама толтырылған.
2023 жылдан бастап пәтерлерді сатып алу функциялары құрылыс басқармасына беріліп, олар екі жыл ішінде 58 млрд теңгеге 2 963 пәтерді мемлекеттік сатып алу туралы 53 келісімшарт жасасқан. Жаңа пәтерлердің кепілдік мерзімі тапсырыс берушінің қалауы бойынша 12 айдан 7 жылға дейін өзгеріп отырған. Мәселен, Құрылыс басқармасы 12 айлық кепілдік мерзіммен 446 млн теңгеге екі бөлмелі 24 пәтерді сатып алу туралы келісімге қол қойған.
ЖАНДОС БЕКАСАНОВ, ҚР СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ АГЕНТТІГІНІҢ ШҚ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІ ПРЕВЕНЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Сол күні осы жеткізушімен құны 1,8 млрд теңге болатын үш бөлмелі 80 пәтерді 5 жыл кепілдікпен сатып алу туралы келісімшарт жасалған. Нормативті түрде жаңа тұрғын үйге кепілдік мерзімдері қарастырылмаған және тек келісімшартпен реттеледі. Құрылыс-монтаж жұмыстарының кемшіліктерін жою жергілікті бюджетке немесе тұрғын үй иелеріне жүктеледі, өз кезегінде ол әлеуметтік осал санаттағы азаматтар. Өткен жылдан бастап бұл тәуекелдер барынша төмендетілді, әкімдіктің бейінді басқармасымен бірлесе отырып сатып алынатын пәтерлердің техникалық ерекшеліктерінде және келісімшарттарда пәтерлерді пайдаланудың кепілдік мерзімін кемінде 84 айды көрсету туралы бұйрықтар қабылданды.
Антикор мамандары Ақжар қосалқы станциясының құрылысы кезінде де жемқорлыққа жол берілгенін айтады. Салдарынан 4 мың абонент орталықтандырылған жарық жүйесіне қосыла алмай отыр. Электр сымдары ұрланып, 2019 жылы басталған құрылыс жұмыстары 2023 жылы тоқтап қалған.
АЛЕКСЕЙ КОЛОСКОВ, ҚР СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ АГЕНТТІГІНІҢ ШҚ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ
Нысанды пайдалануға беру мерзімі бірнеше рет түрлі себептермен кейінге қалдырылған. Департаменттің бастамасымен әкімдік пен мердігер ұйым арасында құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспары бекітіліп, аяқтау бойынша кепілдік міндеттемелері қабылданды. Қазіргі уақытта жұмыстар аяқталуға жақын. Нысанды тапсыру ағымдағы жылдың мамыр-маусым айларында жоспарланған. «Ақжар» қосалқы станциясы арқылы 50 мың тұрғынның сапалы электрмен жабдықтауға қосылу мүмкіндігі бар.
Былтыр департамент 11,6 млрд теңгенің тиімсіз жұмсалуының алдын алған. Мәселен, екі жыл бұрын № 119 Маятас жалпы білім беретін орта мектебінің директоры биология сыныбын жабдықтау үшін мемлекеттік сатып алу кезінде 685 млн теңге қажет деп көрсеткен. Алайда керек сомма көлемі 6,8 млн теңге ғана болған.