Қазақтың Ұлы ақынын бюсті қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі мекемесінің алдына орнатылды. Ескерткіштің биіктігі – 4 метр, ал тұғыры – 2 метрден асады. Еңселі ескерткіш гранит-мрамордан жасалған. Өнер туындысын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, академик әрі Арыс қаласының тумасы Тілеуберді Бинашев сыйға тартты. Салтанатты іс-шарада Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев арыстықтарды мерекемен құттықтады.

Арыс қаласының тарихы тым әріде. Өткен ғасырдың басында Қазақстанда алғашқылардың бірі болып салынған теміржол құрылысы арыстықтарды бүкіл одаққа танытты. Мерейтой аясында қалаға кіреберістегі «Дендросаябақ» алдына темір жол тарихынан сыр шертетін, көненің көзіне айналған паровоздың ескерткіші орнатылып, арыстық теміржолшылардың ерен еңбегінің құрметіне тақтайша қойылды. Ашық аспан астындағы музейге орналастырылған паравоздың салтанатты лентасын ҚР Парламенті сенатының депутаты Әлімжан Құртаев, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев және Арыс қаласының құрметті теміржолшылары қиды.Ескерткішті орнатудағы негізгі мақсат – «Түркісіб» теміржолының құрылысына қатысып, жапан түзде тіршілікті жандандырған арыстықтарға, пойыздардың қауіпсіз жүріп тұруын қамтамасыз етуші барлық теміржолшыларға құрмет көрсету. Бұл айбынды монумент барлық теміржолшылардың қажырлы еңбегін асқақтатын белгі болып қалмақ. Арыстың ажарын ашат түскен тағы бір нысан – Арыс қаласындағы Теміржолшылар паркі. Өткен ғасырдың 60-шы жылдары бой көтерген саябақ Арыс қаласының 65 жылдығына орай, мүлдем жаңа кейіпке енді. Бүгінде мұнда орындықтар ауыстырылып, балаларға арналған түрлі ойын аттракциондары орнатылды. Әрбір аттракционның қауіпсіздік ережелері заманауи талапқа сай келеді. Сондай-ақ жаяу жүргіншілерге арналған жол кеңейтіліп, жаңартылды және мұнда озық үлгідегі жарықтандыру технологиясы қолдынылған.

Теміржолшылар мекеніндегі  мерейтой концертке ұласты.  Арыс қаласының мерекесіне орай өңірден шыққан өнер жұлдыздары әннен шашу шашып, «Шаншар» әзіл-сықақ театры өнер көрсеттті. Содай-ақ, салтанатты жиында бірнеше азаматқа «Арыс қаласының құрметті азаматы» атағы берілді. Арыстан шыққан алып тұлғаларымыз аз емес. Солардың бірі өмірін ғылым мен білімге арнаған үлгілі ұстаз Пернебек Үсенбаев. Мерейтой қарсайында білікті педагогтың атындағы арнайы байқау жарияланған болатын.

 

Гүлзейнеп Дүйсенбаева – мұғалім

Жарылыстан кейін мемлекеттің, күллі елдің қолдауымен жаңарған Арыс бүгінде дамудың даңғыл жолына түсті. Бұл – қоғамның ортақ жеңісі.

 

Автор: Г.Асқарқызы