Елестетіп көріңіз. Сіз кенеттен қыруар ақша тауып алып, аяқ астынан байып кеттіңіз. Мол қаржыны не істейсіз, қандай мақсатқа жұмсайсыз? Қайырымдылық жасап, жарлы-жақыбайға қол ұшын созасыз ба? Әлде сейіл-серуен құрып, бағалы заттарды сатып аласыз ба? Көк қағаздың буына елтіп туған-туыс, дос-жолдастан жырақтап кетпейсіз бе? Әзіл-сықақ және сатира театры сахналаған Рей Кунидің «Әзәзіл ақша» спектаклі осы тақырыпты қаузап, сан сұраққа жауап іздейді.


БЕРІК ЕРПАТША, РЕЖИССЕР

«Ақша, дүние, байлық деген құндылықтардың алдында адамдардың бет-бейнесі қалай ашылаты және жаныңда жүрген жақындарыңның қалай өзгеретінін көрсетеді қойылымда.»


Басты кейіпкерлер сөмке толы көк қағазға құмартып, бірін-бірі жардан құлатуға дайын. Қаржының буы досты қасқа, дұшпанды жансерікке айналдырған. Театр ұжымы ақшаның жәй ғана құрал, басты құндылыққа жатпайтынын әзілмен астарлап жеткізуді мақсат тұтқан.


БАЛЖАН ҚАЙРАТҚЫЗЫ, ӘРТІС

«Ақшаны жақсы көрмейтін адам жоқ қой, барлығымыз ақшаны жақсы көреміз. Ақша көрсе періште жолдан таяды демекші, ақшаны көрген кездегі біздің көңіл-күйіміз қандай болдады? Соны көрсетеміз.»


Премьераның дайындық жұмыстарына көп уақыт жұмсалмаған. Бірақ, қойылымды шикі деп тануға тағы болмайды. Маусымның жабылуына театр ұжымы барын салған.


НҰРЖАН ҚҰЛШЫНБАЕВ, ӘРТІС

«Мұның дайындығы негізі аздау болды. Бірақ, өзің қойылымды өзің сүйіп ойнасаң ол аз күн болса да оны тез шығаруға болады да. 10-15 күн дайыелалдық»


Мардан Сапарбайұлы өнер мамандығында оқиды. Театрдан қалмай, саласын жан-жақты зерттеп жүрген ол қойылымға кәсіби тұрғыдан үңілуге тырысқан. Сөзінше, актерлардың шеберлігі мен қойылым деңгейі өте жоғары.


МАРДАН САПАРБАЙҰЛЫ, СТУДЕНТ

«Осыған дейін «Әумесердің бес қатынын көргем» және бірнеше қойылымдарды көргем, өте керемет. Барлығының айтар ойы бар.» «Ал актерлар болса өмірдегі өзін ойнап жатқан сияқты. Ешқандай дауыс жасап жатқан жоқ»