Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Қазақтелеком» АҚ-ның басқарма төрағасы Бағдат Мусинмен кездесті. Жүздесу барысында ауылдарға интернет жүйелерін тарту, байланыс сапасын жақсарту және өзге де пилоттық жобалар талқыланды.
Облыс аумағында 801 ауылдық елді мекен бар. Оның 740-ы мобильді интернетпен, ал, 429-ы оптика желісімен қамтылған. Қалған 372 ауылдық елді мекенде оптика жүргізілмеген. Бағдат Мусин Түркістан облысы айрықша назарда тұрғанын тілге тиек ете отырып, халық саны мен елді мекендерінің көптігіне байланысты интернетпен қамту жұмысы күшейтілетінін жеткізді. Атап айтқанда 372 ауылдық елді мекеннің телекоммуникация жүйесі мен интернет сапасын жақсартуға «Қазақтелеком» АҚ 14, 7 млрд. теңге инвестиция салатынын айтты. Осы орайда, облыс әкімдігі тарапынан жобаларды сапалы әрі жылдам орындауға қолдау көрсетуді сұрады. Өңір басшысы Түркістанға арнайы келіп, инвестициялық жобаларды жүзеге асырғалы жатқан «Қазақтелеком» АҚ-ның басшысына алғысын айтып, қолдау көрсетілетінін жеткізді. Кездесу соңында Нұралхан Көшеров пен Бағдат Мусин жоғарыда аталған бастаманы жүзеге асыру бойынша меморандумға қол қойды.