Жақында «Shymkent tower» сауда-іскерлік орталығы салынады. Нысан Қонаев даңғылының бойында орналасқан. Жобаның негізгі инвесторы «Саутс-Ойл» компаниясы болса, құрылысын салушы бас мердігер «Koc Construction» мекемесі. Қала әкімі Мұрат Әйтенов құрылыс жұмыстарының басталғандықтан арнайы барып, көріп шықты.

 
«Shymkent tower» шаһар үшін бірегей жоба. Қалада бизнес-орталықтар көп болғанымен, бұл нысан ірі сауда орнына да айналатын болады. Әкім Мұрат Әйтенов Шымкентте тұрғын үйге сұраныс артқанын айтады. Агломерация дамыған шаһардан баспана сатып алып қоюды жөн көретіндер көп екен.  Осы себептен кәсіпкерлерді инвестицияны ойланбай салуға шақырды. 

Жоба инвесторының айтуынша, нысан қала экономикасына оң әсерін тигізеді, кәсіпкерлерге қолдау болады. Әкімдікпен тұрақты жұмыс істеп келе жатқанын да жеткізді. Орталықтың салынуы барысында 200 тұрақты, 1250 уақытша жұмыс орны ашылмақшы. 

Ал мердігер мекемеге келсек, Koc Construction – халықаралық құрылыс саласындағы тәжірибелі компания. 50 жылдан аса нарықта жүр. Әлемнің 9 елінде ірі жобаларын жасап жатыр. Көрші Өзбекстандағы «Ташкент ситидің» құрылысын жүргізген. «Хилтон» қонақүйін де осы компания салған. 

Алдағы 5 жылда қалаға 5 млрд доллар инвестиция тарту міндеті тұр. 2020 жылы Шымкент қаласы негізгі капиталға бағытталған инвестицияның өсуі бойынша республикада 2-ші орында болған. Қазір тұрақты түрде рейтингтің көш басын бермей келеді.