«Әділетті Қазақстан, Әділ билер». Дәл осы тақырып аясында республикалық семинар өтті. Оған Түркістан облысы мен Шымкент қаласы бойынша «Әділ билер» қоғамдық бірлестігінің мүшелері қатысып, өздерінің атқарған жұмыстарын баяндады.

Билер кеңесінің құрамы халық арасында абырой-беделге ие парасатты, айтқан сөздері өтімді, жергілікті жерлердегі тұрғындардың тұрмыс-тіршілігінен терең хабары бар, сенімді және түрлі күрделі мәселелерді бірлесе әділетті шеше білетін азаматтық жауапкершілігі мол тәжірибелі жандардан құралған. Олар туындаған даулы жағдайларды шешуде дауласқан қос тарапқа  өздерінің шынайлығы мен жанашырлығын сезіндіре отырып, шешуі қиын небір күрделі деген мәселелердің түйінін тарқатуда. Бүгінгі жиында түрлі оқиғаның мән-жайы айтылды.

Елдің бірлігін басты орынға қойған «Әділ билер» кеңесі өткен жылы бірнеше іс-шараның өтуіне мұрындық болып, түрлі тақырыпта кездесулер өткізген. Осы орайда, жастар тәрбиесі мен отбасы құндылығы күн тәртібінен түспегенін бірлестіктің Шымкент қаласы бойынша филиалының  бас биі Толыбай Омашов тілге тиек етті.

«Әділ билер» РҚБ жанынан құрылған Әділ аналар кеңесі де қолдан келген көмектерін аянып қалмауда. Бірлестіктің Шымкенте 50 жуық мүшесі бар. Қыз тәрбиесіне баса назар аударған аналарымыз отбасы құндылығын насихаттаудағы еңбегі ерекше.

Бүгінгі жиында «Әділ билер» РҚБ құрамына жаңадан мүшелер қабылданып, ант берді. Өз ісін адал атқаруға уәде берген азаматтардың көздеген мақсаты бір елдің бірлігі мен ынтымағы. Сондай – ақ, семинарда белсенділік танытып, ел арасындағы дау-дамайды шешуге үлесін қосқан мүшелер салтанытты түрде марапатталды. Айта өтейік, «Әділ билер» РҚБ Шымкент қаласы бойынша кеңесінде 350 жуық мүше бар.