Мақтааралдағы 40 тан астам ұлт пен ұлыс өкілдері ынтымақ пен бірліктің арқасында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр.Бірлігі жарасқан ел қандай жұмыс болса да жұртболып жұмылып бірге атқарады. Мырзашөлдіктер қарттар күні қарсаңында сол ұйымшылдықтарын тағы да көрсете білді.Еңбекші ауылдық округінде тұратын жалғыз басты жандарға қол ұшын созып, қолғабыс жасады. 

Жұмакүл апай жастайынан еңбекке араласып өскен.Мақта шауып,терім терді.Еңбекшінің экономикалық өркендеп өсуіне қолдан келген үлесін қосты. Жасы келіп,зейнетке шыққан соң да қарап отырмай білгенін жастарға үйретті.Бейнетпен өскен жан үй іргелік жеріне өзіне қажетті қияры мен қызанағын, картобы мен жемісін егіп алатын.Алайда соңғы жылдары денсаулығы сыр беріп,ауыр жұмысқа жарамай қалған.Соған қарамастан көмекке келген қыз-жігіттерге мұздай көжесін ұсынып, алғысын жаудырды.
Үлкеннің алғысын алуға асығатын ауыл жастары бұл жолы да сол үрдістерінен жаңылған жоқ. Бірі аула сыпырып енді бірі шөп шауып жүр. Жігіттер жағы есік алдындағы мәуелі ағаштардың артық бұтақтарын бұтап жатыр. Қызу еңбек.Бұның барлығы елдегі ауыз бірліктің арқасы.
Еңбекшіде жалпы 8 жалғызбасты жан тұрады екен. Ауылдық округ әкімдігі мен жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандары ол кісілерден күнделікті  хабар алып, жағдайын біліп тұрады. Жылына бірнеше мәрте жиналып үйлеріне барып қол ұшын созып, көмек көрсетеді. Ал, оқушылар отынын бұтап береді екен. Бұның барлығы  елдегі ынтымақтың арқасында жүзеге асып жатыр. 
Социалистік еңбекері Тәңірберген Жайлыбаев ағамыз іргесін қалаған ауылда  бос жүрген жан жоқ. Жұрт ерте көктемнен қара күзге дейін егін алқабында еңбек етеді. Тірлікпен тіршілігін көріп отыр. Еңбектің арқасында өзгелермен салыстырғанда Еңбекшіде аз қамтылған отбасы саны да аз екен. Тіпті ауылда шашылып жатқан көше жоқ.Барлығы тап-тұйнақтай. Ауылдағы ағайын асарлатып жүріп мешіт те салып алыпты. Бұның барлығы ынтымақ пен бірліктің арқасы дейді мырзашөлдің мырза елі.