Биыл жеңіске 79 жыл. Кеңес одағының батыры Сағадат Нұрмағанбетовтың туғанына 100 жыл толуына орай, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің әскери кафедрасында ашық есік күні өтті. Оқушылардың назарына әскери оқу техникалары мен қару-жарақтары ұсынылып, оқу-жаттығу жұмыстары жүргізілді.

Мақсат: Әскери кафедра жетістіктерін насихаттау, оқушыларды патриотизмге тәрбиелеп, Отанға деген сүйіспеншілікті қалыптастыру. Бүгінгі  ашық есік күніне кафедра дайындығы өте жоғары деңгейде. Әскери кафедра сарбаздары қаз-қатар тізіліп, келген оқушылардың қызығушылықтарына байланысты оқу техникаларының жұмысымен таныстырды. Іс-шараны жоғары оқу орны  ректорының міндетін атқарушы Қайрат Нұрманбетов ашып берді. Сарбаздар мен келушілерге сәттілік тілеп, жүрекжарды лебізін білдірді.

Сарбаздар төтенше жағдай бола қалса, білек сыбана күресуге сақадай сай тұр. Кафедрада оқыту қатаң, сәйкесінше сарбаздар шыңдалған , кез-келген оқыс жағдайда төтеп беруге даяр. Оқу орнына түсуге ниет білдірген оқушыларға әскери сала туралы баяндалып, әскери техникалар мен оқу қару-жарақтары назарға ұсынылды. Сондай-ақ төтенше жағдай кезінде жасалатын іс-қимыл, арнайы киімдер және противагаздың қалай киілетіні жайлы түсіндірме жүргізілді. Автомат ұстаған сарбаздар қаруды шашып, жинап жылдамдықтың маңызды рөл атқаратынын дәлелдеді.

Алаңда түрлі әскери техникалар жұмылдырылған. Сарбаздар әр техникамен және әскери көліктермен қалай жұмыс жасалатыны жайлы практика жүзінде көрсетті. Оқу жаттықтырушы мамандардың қадағалауымен әр бөлім оқтармен жұмыс жасап, алаңдағы танкілердің неге қабілетті екенін түсіндірді.

Болашақ Отан қорғаушыларды әскери саланың қыр сырымен таныстырып, кәсібилікке ынталандыру бүгінгі іс-шараның басты миссиясы. Бұл миссия орындалды десек артық айтқандық емес. Себебі ашық есік күніне келген оқушылардың барлығы дерлік патриоттық сезімі оянып, оқу орнындағы мамандықтарға қызығушылық танытты. Оның ішінде дәл осы әскери кафедраға түскісі келгендер қарасы көп.