Мектеп бітірушілері үшін соңғы қоңырау соғылатын болды. Бұл туралы ресми түрде оқу-ағарту министрі – Ғани Бейсембаев мәлімдеді. Еске сала кетейік, бұған дейін елдегі апаттық жағдайларға байланысты мектеп бітіру шарасы өткізілмейді деп хабарланған еді. Алайда, қоғам белсенділері мен ата-аналар тарапынан түскен талап-тілектер ескеріліп, шешім күшін жойды.
 

Биыл елімізде 186 мың оқушы мектеп бітіреді. Оның 13 мыңнан астамы Шымкенттік түлектер. Соңғы қоңырау соғылмайды дегенді естіген оқушылар мен ата-аналар наразылық танытып, шешімнің өзгеруіне сеп болды. Соңғы қоңырау соғылып, жылдағы дәстүр жалғасады, алайда қауіпсіздік шаралары күшейтілмек. Түлектердің картеж жасап, шектен тыс сейіл құруы қатаң бақылауға алынбақ.

Әшірбек Адиев, Шымкент қаласы білім басқармасының орта білім беруді дамыту, тәрбие ісі жөнінде және қосымша білім беру бөлімінің басшысы
 - Кептер ұшыру, басқа а шығын шығарару, лента байлау, көшеде машина жалдап жүру сияқты шараларға жол бермеудің әрекетін жасап жатырмыз. Мұның барлығы ата-аналардың қалтасына ауыр болғандықтан, өтініш, ондай шараларға бармайық!

Аружан Орынбаева – 11 - сынып оқушысы. Өмірінде бір-ақ рет болатын шараны асыға күткен ол, соңғы жаңалыққа қуана қоймағанын айтады. Дайындықты жыл бұрын бастап кеткен түлек, бітіру лентасына тапсырыс беріп, сыныптастарымен вальс билеуді де жоспарлап жүрген екен. Дайындықтарының зая кеткеніне қапаланған оқушылар, шешімнің өзгеріп, шараның өтетінін естігенде қуанышымызды жасыра алмадық, дейді. Алайда, даңғаза думан мен қауіпті көлік шеруіне қарсы екенін алға тартты.

Бұл жаңалық әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, халық ойы екіге жарылды. Бірі бұл ұсынысты мақұл көрсе, енді бірі наразылық танытты. Шымкенттіктер, соңғы қоңыраудың соғылып, оқушының ыстық ұясымен салтанатты түрде қоштасуын қолдайды.

Айта кетейік, тасқын судан зардап шеккен өңір түлектері үшін арнайы жеңілдіктер қарастырылып, мекмлекеттік білім гранттары ұсынылмақ.