«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының механикаландырылған бригадасына шақырылған 195 сарбаз әскери ант қабылдап, адал қызмет атқаруға уәде берді. Атырау, Қостанай, Қызылорда, Түркістан және Жетісу облыстарынан келген жас өрен 1 ай бойы әскери өмірге дағдыланып, құрылымымен танысты. Ендігі меже – әскери ант. Бұл рәсім сарбаз иығына абыройлы жауапкершілік жүктейтін маңызды сәт.


 Ант қабылдау рәсіміне сарбаздардың туған-туыс, ет жақындары арнайы келіп, мәртебелі сәтке куә болды. Соның бірі Зарина Бисимбайқызы. Қатардағы жауынгерге қолдау көрсетіп, баласын бауырына басқан ана: «әр ер азамат туған отанын қорғап, борышын абыроймен атқаруға міндетті» дейді. Сол үшін де жалғыз баласын әскерге жіберіп, шынболаттай шыңдалуын қалаған.


 ЗАРИНА БИСИМБАЙҚЫЗЫ, АТА-АНА

– «Бұл менің жалғыз балам. Мұндай іс-шараға алғаш рет келіп тұрмын. Барлығы жақсы өтті. Мен өте қуаныштымын. Барлығына сәттілік! Жігіттер борышын абыроймен атқарып, үйге жақсы көңіл-күймен оралуларына тілектеспін.»


Қанат Отарбаев – 35 748 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері. Сөзінше, ант қабылдау шарасы оны қанаттандырып, жауапкершілігін еселеген. Ана-ана мен туған- туыс алдында шеру жасап, ант қабылдау үші тоқтаусыз дайындалып, ұзақ машықтандық, - дейді жас сарбаз.


 Іс-шара барысында әскери бөлім басшылығы мен сала ардагерлері сөз сөйлеп, жас жауынгерге жігер сыйлады. Сарбаздар бір ай ішінде үйренген әскери әдіс-тәсілдерді көрсетті. Арнайы шеру жасады. Ал одан кейін жиынға келген ата-аналарға әскери бөлім ұжымы экскурсия ұйымдастырып, казарма мен асхананы көрсетті.