«Таза Қазақстан» эко-акциясы аясында өткен жалпы қалалық сенбілікке 800-ден аса азамат қатысты. Тазалық жұмыстарына жергілікті тұрғындардан бөлек қала әкімдігіне қарасты қызметкерлер мен облыстық басқарма, департамент өкілдері де атсалысып, белсенділік танытты. Олар шаһар аумағындағы күл-қоқысты теріп, абаттандыру жұмыстарын жүргізді.


 800 тұрғын қатысқан сенбілікке 15 арнайы техника жұмылдырылған. Тазалық жұмыстары «Водоканал» маңы мен Б.Майлин көшесі, қалалық балалар ауруханасы, 160-квартал, «Бекзат» секторы аумақтарында жүргізілді. Онда санитарлық тазарту мен көгалдандыру жұмыстары атқарылып, қоршаған ортаға күтім жасалды.


 Сенбілікте этнос өкілдері де белсенділік танытып, туған жерге құрмет көрсетті. Соның бірі Түрік этно мәдени ұйымының мүшесі Зикрулло Юсупов. Бекзат шағын ауданының тұрғыны: «қорғашан ортаны абаттандырып, оны таза ұстау сондағы тұрғындардың бет бейнесін айшықтайды» деген пікірде.


 Сенбілік барысында экологиялық тұрғыдан маңызды саналатын аймақтар тазаланып, шөп шабу, жаяу жүргіншілер жолдарын сыпыру, тұрмыстық және табиғи қоқыс қалдықтарын жинау сияқты жұмыстар атқарылды. Нәтижесінде 15 тоннаға жуық қоқыс шығарылып, арнайы полигонға жеткізілді.