Түркістан облысына Қытай Халық Республикасынан делегация келіп, логистикалық саланы дамыту бойынша келіссөздер өтті. Аймақ басшысы Нұралхан Көшеров инвесторларды өңірдің индустриялық және өндірістік аймақтарымен таныстырды. Делегация логистикалық парктердің мүмкіндіктерін, бірлескен қойма құру және халықаралық жүк тасымалын дамыту мәселелерін талқылады.
Шетелдік қонақтар облыстың «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» көлік дәлізінің әлеуетіне ерекше қызығушылық танытты. Келіссөздер барысында бірлескен индустриялық аймақтар мен заманауи логистикалық инфрақұрылымды дамыту мәселелері қозғалды. Сапар аясында делегация Түркістандағы құрылысы жүріп жатқан мақта зауыты мен арнайы экономикалық аймақтардың жұмысымен танысты. Сондай-ақ, инвесторларға Turan арнайы экономикалық аймағының мүмкіндіктері көрсетілді. Қытайлық тарап екіжақты ынтымақтастықты дамытуға ниетті екенін білдірді. Бұл келіссөздер Түркістан облысының халықаралық серіктестік мүмкіндіктерін кеңейтіп, жаңа инвестициялық жобаларды іске асыруға жол ашпақ.