«Әже – ұлт ұйытқысы, тәрбие бесігі». Дәл осы тақырып аясында Шымкентте әжелер форумы өтті. Қалалық ардагерлер кеңесінің бастамасымен ұйымдастырылған жиында ұлттың рухани тірегі – ақ жаулықты әжелеріміздің өнегесі мен өміршең ғибраты насихатталды.


 Алдымен аудандық іріктеуден өткен әжелер тобы қалалық байқауда барын салды. Ауылдың алты ауызын айтқан ақ жаулықты әжелеріміз ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүріміз бен әдеп-ғұрпымызды дәріптеді.


ДІЛДӘН НАРБЕКОВА, «МЕЙІРІМДІ АНАЛАР» ТОБЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ

«Ежелде келінді шымылдықпен көшпен алып келген. Соны қостық. Содан кейін тулаққа отырғызған. Мінезі иленген тулақтай әдемі болсын деп. Одан кейін көз тимесін деп шымылдықта ұстаған. Сол шымылдықтан беташарға шыққан. Беташарда бізде оңтүстікте оқтаумен ашады екен. Біз сол оқтаумен ашуды дәріптедік. Содан кейін көш келер кезде түйемен мұрындық ана еріп келеді екен. Сол мұрындық ананы дәріптеді».


“Алып анадан туады” дейді дана халқымыз. Бұл қанатты сөздің мағынасын әжелеріміз бүгінгі форумында тағы бір мәрте тереңінен түсіндіргендей болды. Әже тәрбиесі – ұлттық тәрбие өзегі. Әжелер – отбасының, елдің ақылманы. Бүгінгі ұрпақ бабалар жолынан адаспауы үшін дәл осындай рухани жиындардың маңызы ерекше.


КЕНЖЕХАН ТӨЛЕБАЕВ, АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ

«Бүгінгі таңда жастамыз 100 пайыз өзіміздің ұлтқа тән дәстүрімізді біледі деп айта аламыз ба? Әрине, жоқ. Соған байланысты, тәрбие отбасынан басталады. Сол себептен әрбір әже өзінің отбасында тиісті ұлын немесе немересін, шөбересін өзіміздің ұлтқа тән әдет – ғұрыппен тәрбиелеген жағдайда бірлігі ұйысқан ұлт боламыз деген ниеттеміз».


 Байқауда Тұран ауданының «Асыл әжелер» тобы ерекше көзге түсіп бірінші орынды иеленсе, Қаратаудың намысын қорғаған «Ғасыр әжелер» тобы екінші орынға жайғасты. Ал үздік үштікті еңбекшілік «Мейірімді аналар» тобы түйіндеді. Жеңімпаздар қала әкімінің алғыс хатымен марапатталып, қаржылай сыйлықтарға ие болды.