Табиғат, өнер, білім – балалар көзімен. Дәл осы тақырып аясында С. Көбеев атындағы №56 ЖОМ семинар өтті. Оған қаламыздағы білім ошақтарының басшылары мен ұстаздар қатысып, табиғат аясында өткен ашық сабақтарға баға берді. Сондай-ақ, ата-аналарда іс-шараның өтуіне атсалысып, қолөнер бағыты бойынша білген-түйгендерін жас буынға үйретті.

Табиғат аясында өткен дәрістердің тақырыбы алуан түрлі болғанымен, мақсаты бір. Жас буынның бойына экологиялық мәдениетті қалыптастыра отырып, табиғатты қорғауға, қоршаған ортаға деген жанашырлық құндылықтарды арттыруға бағытталған.

Семинар барысында танымдық сағаттармен қатар, психологиялық тренигтерде өткізілді. Сабақтарды сырттай бақылаған өзге білім ошақтарының ұстаздары тың тәсілдерді алдағы уақытта өз тәжірибелерінде қолданатындарын жарыса жеткізді.

 Баланы өмірге бейімдеп өнерге баулу, қабілетін танып, қанатын қатайту – ата-ананың ғана емес тұтас мемлекеттің міндеті. Ал, мемлекеттің болашағына үлкен үлес қосып, білімді ұрпақты тәрбиелейтін орта ол – мектеп. Осы орайда, аталмыш білім ошағында Үштік одақ: ата-ана, оқушылар және мұғалім арасындағы тығыз байланыс орнағаны көрініп тұр. Оған дәлел бүгінгі өткен шара. Ата-аналар бар білген түйгендерін жас буынға үйретуде.

Аталмыш білім ұясында «Жас экологтар ұйымы» осыдан екі жыл бұрын құрылған екен. Бүгінде 30-дан астам шәкірт сол ұйымға мүше. Олар мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына өз үлестерін қосуда. Бұл ретте, мектеп оқушылары мен мұғалімдер әрқашан  қолдау білдіріп, қолғабыс етуде.