Елімізде қазақтың ұлттық ойындарына жіті көңіл бөлініп жатыр. Түркістан облысында ұлттық спорт ұлықтала бермек. Сарыағаш ауданында жыл соңында көкпардан халықаралық деңгейде жарыс өтеді. Осы орайда күні кеше ардагер шабандоздарға арнап ас беріліп, құран оқылды. Ат спортының  дамуына үлес қосқан азаматтар алғысқа бөленіп, құрмет төрінен көрінді.

Көкпар – қазақтың ұлттық спорты. Ат спортының төресі ер жігіттердің рухын көтеріп, отаншылдық сезімін арттырады. Күш-жігерін, төзімділігін, батылдығы мен ептілігін қалыптастырады. Осы орайда Сарыағашта ұлттық спорттың ардагерлеріне арнап ас берілді. Жиында ақсақалдар ел бірлігі мен ынтымағы жайында келелі әңгімелер айтып, өлеңнен шашу шашты.

 «Батаменен ер көгерер...» Данияр Курумбаев жылқы ұстап, ат шаптырып жүрген азамат. Ұлттық спорттың қанатын кеңге жайып, насихатталуына сүбелі үлес қосып отырған жан. Ол көкпар өзге түркі халықтарының емес, нағыз қазақ төл спорты екенін дәлелдеп жүрген алдыңғы буынға құрмет көрсетті.  

Көкпар жаппай және дода тартыс болып екіге бөлінеді. Жаппай тартыста әркім Көкпарды өзі иелік етуге тырысады. Сондықтан да ат жалын тартып, ерге қонған азамат рухты келеді. Рухты ерге ел сенеді. Ел сенетін ер бірлік пен берекені ту етіп, халықтың ынтымағы жолында еңбек етеді.  

 Айта кетейік, елімізде ұлттық спорт түрлеріне кейінгі жылдары жіті көңіл бөлініп келеді. Оның дәлелі биыл Қазақстанда 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтеді. Осы орайда жиында көптің ықыласына бөленген азамат байырғы шабандоздарға қазақы дәстүрмен шапан жапты. Көпшілікті 7 желтоқсанда Сарыағаш ауданында өтетін дүбірлі көкпарға шақырды.