Шымкентте балалар дәрігері жоқтың қасы. Бүлдіршіндерді емханалардағы жалпы тәжірибелік дәрігер, яғни терапевт қарап жүр. Ал екпені балабақша мен мектеп медбикелері салады екен. Осы мәселені депутаттардың көтеріп жүргеніне бірнеше жыл болған. Әлі күнге дейін нәтиже жоқ. Оның себебі неде? Бұл сауалды халық қалаулылары қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбековке қойды. 

Депутат Рәшкүл Оспанәлиева педиатрлардың тапшылық мәселесін бірнеше жылдан бері көтеріп жүр.  Сауал жетінші шақырылмдағы Шымкент қалалық мәслихатының кезекті 21-сессиясында талқыланды. Халық қалаулысы балалардың үлкен жастағы азаматтармен бірге кезекте тұруы дұрыс емес деп есептейді. 
Сессияда мәслихат хатшысы Бахадыр Нарымбетов осы мәселені шешудің жолын ұсынды. Айтуынша, әрбір ауданда жеке балалар емханасын соғуға мүмкіндік болса, бүлдіршіндер ауырып барған адамдардан өзге де сырқат түрін жабыстырып, жұқтырып қайтпас еді. 
Алдағы уақытта денсаулық сақтау саласындағы мәселелер жеке инвесторлардың көмегімен шешілуі мүмкін. Қазірдің өзінде жекеменшік емханалар саны артқан. 2025 жылға дейін жеке кәсіпкерлер есебінен 5 емхана салу, ашу жоспарланған. Сонымен қатар, 200 әйел бір мезетте жата алатын заманауи перинаталдық орталық салу жобасы бар. 800 орындық университеттік көпбейінді аурухана ашылмақшы.