Биыл 6 айда пробациялық бақылауда 1360 адам есепке алынған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 215 адамға аз. Есесіне қайталама қылмыстар саны 2 есеге өсіп отыр. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Ерғали Білісбековтың төрағалығымен өткен консультациялық-кеңес мәжілісінде мәлім болды.

36 қайта жасалған қылмыс тіркелген. Соның 28-ін жұмыссыз және тұрақты жұмыс орны жоқ адамдар жасапты. Бұл- Прокуратура өкілдерінің мәліметі.  Түзету мекемелерінен босатылған, сондай-ақ пробация қызметінің есебінде тұрғандарды жұмыспен қамту өзекті мәселе. Бірақ, жұмыс берушілер оларға сенбейді. 
Пробация есебінде тұрған адамдарға екі қолға бір күрек ұстатпау - Заңнаманы бұзу болып табылады.Қала әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков консультациялық-кеңес мәжілісіне қатысқан жуапты мамандарға жазасын өтегендерді қоғамға қайта бейімдеуді тапсырды.  
Ал, жұмыспен қамту орталығының мәліметінше, биыл пробация қызметінің есебінде тұрған 58 азамат тұрақты жұмысқа орналасыпты.  33 адам уақытша жұмысқа қабылданды. Жыл басынан бері орталыққа 50-ге жуық азаматқа қызмет көрсетілген. Мамандары оның ішінде 13 адамды туған туыстарымен табыстырыпты.