Түркістан қаласында «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы аясында фотокөрме өтті. Көрмеге 50-ден астам фототілшінің 100-ге жуық туындысы қойылды. Олар халқымыздың салт-дәстүрі, Түркістан облысының тарихи орындары мен мәдени сәулеттік ескерткіштерінен сыр шертетін суреттерін қалың көпшілікке ұсынды. 

Облыстың 17 аудан-қаласынан келген фототілшілерге басты талап -  Түркістан өңірінің тұрмысы мен табиғатын фотомен көрсету. Сайысқа қатысушылар жаңа Түркістанның әсем сәулеті мен өңіріміздегі тамылжыған тұмса табиғатты кадрда  ұстай білген. Көрмені ұйымдастырушылар шараның рухани құндылығы мол екенін айтты.
Фотокөрме аясында өткен конкурста қазылар алқасының шешімімен Оразали Асанның туындысы үздік деп танылды. Ол Түркістанның сәулет өнерін, адам кескінін және киелі бүркітті бір фотоға сыйғызан. Ұйымдастырушылар тарапынан жеңімпазға 500 000 теңге сыйақыны берілді.
Айта кетейік, фотосайыстың жалпы жүлде қоры 1 миллион теңгеден асты. Шараны облыстық қоғамдық даму басқармасы «Оңтүстік жастары» қоғамдық қорымен бірлесіп ұйымдастырды. Фотоөнерді қолдауға арналған көрме туристік әлеуеті жоғары Түркістан өңірінде жыл сайын жалғасатынын хабарланды.