Қазақстанда жылына 400 әйел отбасылық зорлық-зомбылықтан көз жұмады. Осындай статистиканы бұрын естіген боларсыз? Өйткені, бір емес бірнеше жылдан бері өзгермей келе жатқан цифр бұл. Көбеймесе, азайған жоқ. Шымкент қаласында да бұл проблема өзекті. Сондықтан да халықты әлеуметтік қорғау басқармасы жанынан әйелдерге көмек көрсету орталығы ашылған еді. Орталық келушілеріне арнайы мамандар лекция оқыды. Зорлық мәселелеріне байланысты дөңгелек үстел өткізді. 

Шымкент қалалық жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау басқармасы отбасылық зорлық-зомбылыққа көңіл бөліп келеді. «Зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» акциясы аясында әйелдер мен балаларға арналған орталық жұмыс істеп тұр. 50-60 анаға лайықталған орында 8 түрлі қызмет көрсетіледі. Дөңгелек үстелдің мақсаты әйел құқығына алаңдаулы белсенді азаматтарды жинап, талқылау болып отыр. 

Бүгінгі күннің өзекті мәселесіне әйелдер кеңесі де бас қатырады. Орталықты құрмастан бұрын белсенділер аналарға тек уақытша көмек көрсетіп қоймай, өзін бағалайтын, ешкімге ренжіткізбейтін тұлға етіп шығаруды көздеген. Белгілі бір кәсіп үйрету де бар оның ішінде. Дөңгелек үстел барысында бұрын-соңды қиын жағдайға түскен балалар мен аналардың қазіргі күйі талқыланды. 

Айта кетейік, Қазақстанда отбасындағы зорлық-зомбылықты екінші рет жасағандарды қамау мерзімі 20-25 күнге ұзармақшы. Бұған қоса отбасында қысым жасайтындар ескерту алып қана қоймай, қоғамдық жұмыстарға тартылатын болады. Халықаралық Human Right Watch адам құқығын қорғау ұйымының былтырғы мәлімдемесінде Қазақстан заңы сынға ұшыраған еді.