Ақтөбе облысында тоғызқұмалақтан алтыншы әлем чемпионаты аяқталды.Түркістан облысының намысын жоғары деңгейде қорғаған  еліміздің үздік спортшысы  Асел Дәлиева топ жарды. Жерлесімізді Шымкент теміржол вокзалынан жанкүйерлер мен облыстық  ұлттық спорт мектебі ұжымы зор қошеметтеп қарсы алды.


Тоғызқұмалақ – әлемдік мәдениеттің озық үлгілерімен бой теңестіре алатын рухани ойын, логикалық ойлау өнері, ЮНЕСКОның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енген ұлттық спорт түрі. Бүгінде бұл спорт түрі елімізде жоғары дәрежеде дамып келеді. Осы мақсатта Ақтөбе қаласында тоғызқұмалақтан әлем чемпионаты өтті. VI Әлем чемпионатына 20 елден спортшылар қатысып, жеңімпаздарды анықтады. Нәтижесінде  Қазақстан құрамасы 6 алтын, 3 күміс, 7 қола медаль Ел қоржынына салды. Ал, Қырғызстан елінің тоғызқұмалақшылары  3 күміс, 4 қола жүлдеге қол жеткізіп, жалпыкомандалық екінші орынды иеленді. 1 қола медаль олжалаған Колумбия құрамасы үшінші орынды иеленді.Биыл ерекше ұйымдастырылған тоғызқұмалақтан өткен әлемдік додада түркістандықтардың бағы жанды. Еліміздің мақтанышы Асель Далиева  классика түрінен алтын алқа алса, рапид бәсекесі бойынша күміс жүлдеге қол жеткізді.
Бұл жеңімпаз саңлақ білікті басшы Ғани Ахметбаев жетекшілік ететін Түркістан облыстық ұлттық спорт мектебінің дарынды шәкірті. Елге жүлдемен оралған жеңімпазды Шымкент теміржол вокзалынан спорт сүйер қауым мен облыстық ұлттық спорт мектебінің ұжымы  зор қошеметпен қарсы алып, түркістандық арудың  спорт жолына тек жақсылық тілеп тарқасты.