Шымкентте қырқынан шықпаған балалар да коронавирус жұқтырған, десе де инфекцияның эпидемиологиялық ахуалы салыстырмалы түрде тұрақты. Қала 2022 жылдың 5 ақпанынан бері «жасыл» аймақ статусын сақтап келеді. Ал жалғыз профилактика – вакцинация мен ұжымдық иммунитетті қалыптастыру.


2022 жылдың  1 қаңтары мен 4 желтоқсан аралығында COVID-19 инфекциясымен 9472 жағдай тіркеліп, оның ішінде симптоммен – 6210, симптомсыз 3262. 18 жасқа дейінгі балалар арасында 2297 жағдай тіркелді, 1 жасқа дейінгі балалар арасында 737, яғни 31,5 % жағдай тіркелді, ішінде туғанына 40 күн толмаған нәрестелер бар. Оқу жылынан бастап оқушылар көбірек ауыра бастаған.
Қаланың станционарлық емдеу мекемесінде қазір 14 науқан КВИ емделіп жатыр. Оның ішінде 4 бала, 8 жүкті әйел бар. 2022 жылдың басынан медициналық қызметкерлер арасында 53 зертханалық расталған жағдай, 48 медициналық ұйымда тіркелген, анықталмаған пневмониямен ауырғандар тіркелмепті. Вирусқа қарсы вакцинациялау үшін 4 түрлі екпе салынып жатыр. Биыл олардың саны 400 734 адам болыпты. Ал қайта ревакцинациялаудан 80 800 азамат өткен.
Вирусқа адам иммунитеті үйреніп келеді. Мутацияға ұшыраған штаммдары да жеңіл симптомдармен өтіп кетіп жатыр. Дегенмен, әрбір азамат өз денсаулығына мұқият болу керек. Егер 5-7 күн ішінде ауру асқынып жатса, дереу дәрігер көмегіне жүгінген жөн. Сонымен қатар, әрбір мұрын пысылдағанда антибиотик іше берудің қажеті жоқ. Бактерияға қарсы препарат вируспен күресе алмайды. Оны тек дәрігер тағайындауы тиіс. Вирустың емі – таза желдетілген бөлме, жайлы төсек, жағымды көңіл күй, көп мөлшерде сүйікті сусыныңыз мен энергетикалық құндылығы мол тағам.