Түркістан қаласындағы Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде бокстан жасөспірімдер арасында кезекті Түркістан облысының чемпионаты басталды. Шаршы алаңда 12-13 жастағы жас боксшылар өз бақтарын сынамақ. Бағы мен бабы қатар шапқандар Ел чемпионатына қатысатын болады.


Шаршы алаңда 2009-2010 жылғы туылған жасөспірімдер өз бақтарын сынайтын болады.  Жарыстың ашылуына арнайы келген бокстан Қазақстан ұлттық құрама командасының бас бапкері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов жас ұландарға  сәттілік тілеп, еліміздің намысын олимпиада ойындарында қорғайтын жеңімпаз боксшылар осы жастардың арасынан шығатындығына сенім білдірді.
Шаршы алаңға шыққан әрбір жас боксшының болашағынан мамандар үлкен үміт күтіп отыр. Солардың бірі,  Бекзат Саттарханов атындағы спорт мектеп-интернатының талантты шәкірті Нұрасыл Оразымбет. Жас та болса биік белестерді бағындырып үлгерген оның келешегінен бапкерлері зор үміт күтеді.
Жарысты ұйымдастырушылардың айтуынша, Түркістан облысы бойынша жас былғары қолғап шеберлері арасында өтіп жатқан чемпионатқа 15 салмақ негізінде 300-ге жуық спортшы қатысуда. Барлық аудан бойынша  24 команда шақырту  алған. Рингте барлық қарсыластарын тізе бүктіріп келе жатқан  жерлесіміз Жандос  Лаян алтыннан үмітті.  
Жарыс ақпан айының 6-на дейін жалғасады.  Ал, жеңімпаздар наурыз айында  Алматы облысындағы Талғар ауданында өтетін Ел чемпионатына жолдама алады.


Г.Асқарқызы