Қоқыс қалдықтарын өңдеу жұмысы қолға алынады. Шаһардың бес ауданында  мамыр айынан бастап сұрыптау орындары ашылады. Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Ержан Жолдасов  осылай деп құлақдар етті. Бұл жаңалыққа тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау ісімен бұған дейін айналысып келген кәсіпкерлер не дейді?


Алдағы уақытта үйден шығарылатын тұрмыстық қалдықтар бірден полигонға жіберілмейді. Алдымен қоқыс сұрыпталып, жарамдысы іріктеліп алынады. Одан қалғаны қала сыртындағы қоқыс алаңында көміледі. Қайрат Нұртілеуов тұрмыстық қалдықтарды сұрыптауды қолға алған алғашқы кәсіпкер. Ол пластикалық  құтылар мен макулатура, полиэтиленді пакет, шыны бұйымдарын қабылдайды.  Қажеттілерін өндірушіге сатып нәпақасын тауып жүр.
Тұрғындар бүгінге дейін қоқыс алаңшаларында тау болып үйіліп жататын қалдықтар туралы шағымдарын айтып, аулалары кішігірім полигонға айналды деп назын білдіріп келген еді. Ал, сала жауаптылары бұл мәселенің ретімен шешіліп жатқанын айтады. Осы орайда қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару бағдарламасы әзірленіп жатыр екен. Жоба жүзеге асып жатса қоқыс алаңша маңында құрылыс қалдықтары болмайды.
Қоқыс мәселесін шешу мақсатында қаладағы бес ауданда сұрыптау орындарын ашылады. Ол үшін қызығушылық танытып отырған инвесторлар бар екен.  Жоба мамыр айына дейін қолға алынбақ.
Қоқыстарды қайта өңдеудің көлемі  жыл санап артып келеді. 2022 жылы Ақтастағы полигон 225 мың тонна қоқыс қабылдап, оның 30 пайызын сұрыптаған.  Қалғаны жерге көмілген. Ал, өңдеуден өткен политэлен, пластмасса және бөтелке  қалдықтарынан  химиялық шикізат алынады.  


Нұрлан Пайзов