Қауіп-қатердің беті қайтты. Түркістан облысында нөсер салдарынан орын алған жағдай қалпына келе бастады. Тұрғындар үйлерін оралуда.  Апаттың алдын алуға бағытталған жұмыстардың нәтижесінде ел үлкен апаттан аман қалды. Бұл туралы Түркістан облысына үкіметтің тапсырмасымен арнайы келген төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мәлім етті.


Ведомства басшысы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдымен бірге ауыл аймақты аралап, тұрғындарымен және тәулік бойын тұрғындарға қол ұшын созып үздіксіз еңбек етіп жатқан еріктілермен кездесті.  Сондай-ақ төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Сауран ауданының төрт елді мекенінде су басу салдарын жою барысымен танысты.
Қазіргі таңда Сауран ауданының эвакуацияланған тұрғындары үйлеріне оралуда. Келтірілген залалды бағалау бойынша облыс әкімдігі тарапынан комиссиялық аралау ұйымдстырылған. Нөсер жауыннан зардап шеккен ауылдардағы аулалар судан тазартылып жатыр. Аққан су су арналарына бағытталып, құм салынған қаптарды төсеу және  арналарды тазарту жұмысы жүргізілуде.
Жедел штабтың мәліметінше, Ордабасы ауданындағы елді мекендегі су сорылған. Жақын арада министр Арыс және Кентау қалаларында, Бәйдібек және Созақ аудандарында болады деп жоспарлануда. Қазіргі уақытта Арыс өзенінде 3 гидрологиялық бақылау бекеті қойылған. Қазіргі уақытта суды бұру жұмыстары жүргізілуде. 200-ге жуық аула судан босатылды. Жалпы 85 аула аумағынан 200 текше метр су сорып шығарылды.