Шымкент қаласында су тасқыны қаупі жоқ. Бұл туралы қалалық ТЖД басшысы Мадияр Жақсыбаев арнайы баспасөз брифнгінде мәлімдеді. Қазіргі таңда шаһардағы су қоймаларының толуы 2-ден 65 пайызға дейінгі көрсеткішті құрап отыр. Тасқын суларды қабылдау үшін су қоймаларында қор жеткілікті, -деді департамент басшысы.


Төтеншеліктер жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп су басудың салдарын жоюға 40 мың дана қап дайындады. Бүгінгі таңда аудан әкімдіктері тарапынан жеткізілген құмды қаптау жұмыстары қарқынды жүргізілуде (7000 дана қапталды). Дайындалған қаптар әр ауданның су басу қауіпті орындарға жақын жерге жиналуда. Ағымдағы жылы қаңтар айында жалпы 5 ауданнан 63 мың текше метр қар қауіпсіз жерге шығарылды.
Сонымен қатар төтеншеліктер қала аумағындағы су басу қауіпті аймақтарға Забадам, Елтай елді мекендері,195 ораммен Тұран мөлтек ауданын тікұшақ арқылы әуеден шолу жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде бұл аймақтарда су тасқыны қаупі байқалмаған. Салаға жауаптылар қырдағы қардың еріп, жерге сіңіп кеткенін айтады.
Сондай-ақ, мамандар қауіпті деп танылған учаскілердегі каналдарды, ирригациялық жүйелерде жиналған мұздар мен қоқыстарды тазартуда.Сонымен бірге Түркістан облысында орын алған су басудың салдарын жоюға Шымкент қаласы ТЖ департаментінен 35 адам жеке құрам, 6 техника,13 мотопомпа Түркістан облысы Сауран ауданы Шаға ауылына көмекке жіберілді.