Қазақстанда кірістер мен мүліктерді жалпыға бірдей декларациялау жалғасуда. Жаңа жылдан бастап, ол азаматтардың жаңа санаттарына да әсер етті. Осыған сәйкес, биыл квазимемлекеттік сектордағы барлық бюджеттік сала қызметкерлері табысын жариялайды. Және олардың жұбайлары да қаржы секторындағы осы талапты орындауға міндетті.


2022 жылдың 15 қыркүйегінде кірістерді жалпыға бірдей декларациялаудың бірінші кезеңі аяқталды. Екінші кезең басталғалы, бір айдың ішінде Шымкентте 3 мың азамат табысын жариялап үлгерді. Жалпы, Шымшаһарда декларация тапсыруға міндетті 41 мың тұрғын бар. Былтыр бірінші кезеңде 645 қызметкер табысын жарияламаған. Оларға хаттама түзіліп, ескерту берілді. Бұдан былай міндетін орындамаған жағдайда айыппұл төлейтін болады.
Декларацияда Қазақстаннан тыс жерлердегі актив пен мүліктен басқа, заңды тұлғаның жарғылық капиталындағы үлесі, инвестициялық алтын, бағалы қағаздар және тағы басқа да мүлкі көрсетіледі.
Айту керек, қолма-қол ақша да декларациялауға жатады. АЕК-тің 10 000 еселенген шегінен аспайтын қолма-қол ақша жариялануға міндетті. Бүгінде бұл 30 млн 630 мың теңгені құрап отыр. Бұған дейін лауазымды тұлғалар декларация тапсырса, енді қарапайым қызметкерлер де өз кірісін жариялайды. Соның ішінде дәрігерлер мен мұғалімдер де есеп береді. Заң бойынша декларация тапсырудың екі мерзімі бар. Олар: декларация қағазбен тапсырылса, оны 15 шілдеден кешікпеу керек. Ал, электронды форматта – 15 қыркүйекке дейін тапсыру тиіс.