Жыл басынан бері Түркістан облысында 51 жазатайым оқиға орын алып, 3 адам бақилық болды. Бұл туралы Түркістан облысы Еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасының басшысы Берік Ибадуллаев БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді. Сондай-ақ 9 кәсіпорынның 1500 ге жуық жұмысшысына 350 миллион теңгеге қарызы бары анықталып, 81 мекеме басшысына еңбек заңнамасын бұзғаны үшін жеті миллион теңгеден астам айыппұл салынған.
2022 жылы еңбек қатынастары саласы бойынша 304 тексеру жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде 427 заң бұзушылық анықталған. Сондай-ақ, еңбек заңнамасының бұзылуы бойынша 81 мекеме басшысына 7,1 млн теңге айыппұл салынып, өндірілген. Ал, жалақы қарызына жол беру жайты бойынша мекеме басшыларына 9 әкімшілік айыппұл салынған.
Одан бөлек, өңірде 3 еңбек жанжалы орын алып, оның барлығы шешілді. Әлеуметтік шиеленістің туындау тәуекелі бар 25 кәсіпорын анықталып, олармен еңбек заңнамасының сақталуы бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Ал еңбек жанжалдарының алдын алу мақсатында 11 кәсіпорын профилактикалық бақылаудан өткізілді. Тексеру нәтижесімен заң бұзушылықтарға жол берген жұмыс берушілерге орындалуы міндетті нұсқамалар берілді.
Айта өтейік, биыл жыл басынан бері өңірде 51 өндірістік жазатайым оқиға орын алды. Салдарынан 53 адам зардап шегіп, 3 адам қайтыс болды.