Рухани шаһарда орналасқан Балуан Шолақ спорт кешенінде таеквондодан 2012-2013 жылы туылған жасөспірімдер арасында облыс чемпионаты өтті. Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толуына орай ұйымдастырылған дүбірлі дода да өңірімізден 11 команда қатысып, өзара шеберліктерін байқады.

Таеквондодан жасөспірімдер арасында өткен Түркістан облысының чемпионатында ұл мен қыздар татами көркін қыздырды. Облыстық додаға 40 келіде күш сынайтын Шардара ауданының аруы Хадиша Исламбек жоғары дайындықпен келіпті. Ол бұған дейін кіші жасөспірімдер арасында екі дүркін Қазақстан чемпионы атанып үлгерген. Болашағынан мол үміт күттіретін жас ару алдағы арманымен бөлісті.

Облыс чемпионатында саңлақтар жалпы 20 салмақ дәрежесінде жеңімпазды анықтайды. Негізгі мақсат облыс құрамасына мықты деп іріктелген таеквондошыларды шақырып, алдағы ел чемпионатына дайындау.

 Жеңімпаздар алда Ақтауда өтетін кезекті Қазақстан Республикасының чемпионатында облыс намысын қорғайды. Татами шеберлерінің чемпионаты жоғары дәрежеде өтуіне облыстық спорт басқармасы ықпал етті.