Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толуына орай ересектер арасында Түркістан облысының V-ші спартакиадасы мәресіне жетті. Спорттың 8 түрінен өткен жарыста Түркістан қаласының құрамасы жеңімпаз атанды.

Түркістан облысының V-ші спартакиадасына қатысушылар волейбол, үстел теннисі, стритбол, шағын футбол, тоғызқұмалақ, шахмат, жүзу, қазақ күресі спорт түрлерінен бақ сынады. Дүбірлі дода қарашаның 14-16 аралығына жалғасты. Шардара ауданының волейболшы қыздары биыл 3-ші рет қатарынан спартакиаданың жеңімпазы атанды.

Спорттық додада шағын футбол бәсекесі де өте тартысты өтті. Ұжымдық ойын көрсете білген Мақтаарал құрамасы І-орынды жеңіп алды. Мақтаарал құрамасының капитаны Орал Орынбасар жақсы ойын көрсете білген әріптестеріне алғыс айтып, алдағы жоспарымен бөлісті.

Жарыс қорытындысы бойынша 161 ұпай жинаған Түркістан қаласының құрамасы жалпы командалық І-орынды иеленді. Олардың қоржынында  2 алтын, 4 күміс медаль бар. Ал, жүлделі ІІ-орын 146 ұпаймен Шардара ауданының командасына бұйырды. Қоржында 2 алтын, 2 қола медаль бар. Ал Жетісай ауданының оғландары 133 ұпай жинап, ІІІ-орынға тұрақтады. Жетісай ауданының спортшылары 1 алтын, 1 қола медаль олжалады. Тартысқа толы өткен спартакиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне арнайы тағайындалған кубоктар мен медальдар және алғыс хаттар табысталды.